Астанада үлескерлер қаңырап тұрған қорқынышты үйлеріне кіріп алуға мәжбүр болды
Себебі, құрылыс компаниясы уәде еткен мерзімінде баспананы салып бітірмеген. Кісі есігінде күнелтіп шаршаған отбасылар бүгін шиеттей бала-шағасын ертіп, құрылыс алаңына баса-көктеп кірді.
Автор: Ербол Сейілхан
12.08.2016
Он шақты отбасы қолдарына киім-кешек, көрпе, су, азық-түлігін арқалап салынып бітпеген пәтерлеріне жайғасып алды. Көрпелерін төсеп, негізгі керек-жарақтарын орналастырып жатыр. Сөйтіп, Астананың қақ ортасында орналасқан «Арыстан» тұрғын үй кешенінің басшыларын ел алдында ұялтпақшы.
- Жайғас,қызым! Қиын күндер әлі алда.
Әбден төзімдері таусылған үлескерлер 2014 жылы қоныс тойын тойлаулары керек болатын. Алайда құрылыс компаниясы уәдесінде тұрмай, 3 жылдан бері жүздеген отбасыны сандалтып жүр. Жарнамаға алданғандарын кеш түсінген адамдар енді жарығы, суы жоқ, сыз тартқан пәтерлерден ешқайда шықпаймыз деп отыр. Қазір баспананы уақытында тапсырмаған компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Виктория Филасова, Астана қаласының тұрғыны:
-2 бөлме үшін 21 миллион теңгені санап беріп, енді өкініп отырмыз. Пәтер жалдап әбден жүйкеміз жұқарды. Ақшамыз таусылған соң қаңырап тұрса да осында көшіп келдік. Құрылысты бітірмейінше, ешқайда кетпейміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!