Алматы облысында тарихи қаланың орны таласқа түсіп жатыр
Тарихи қаланың орнындағы тартыс күшейе түсті. Алматы облысындағы оныншы ғасырдың ескерткіші саналатын Талхиз шаһары жойылып кетуі мүмкін екеніне жұрт әлі де алаңдаулы. Егер мұнда жол құрылысы жалғасатын болса, ЮНЕСКО-ның қорғауына өткен Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһардың түгі қалмайын деп тұр. Тіпті арнайы қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи құндылығы жоқ деген қорытынды шығып та қойыпты. Бірақ тарихшылардың жанайқайымен құрылыс уақытша тоқтаған. Екі жақтың тартысы жайлы толығырақ тілшіміз Ербол Тұрымбет сөз етеді.
Автор: Ербол Тұрымбет
23.08.2016
Тарихшы Арнабай Әбішұлы бұл жерде алғаш рет сонау 1975 жылы қазба жұмыстарына қатысқан. Содан бері зерттеп келе жатқан ежелгі Талхиз қаласының бүге-шүгесіне дейін біледі. Оның бүгінгі басты мәселесі осы төңіректе тарихи қала болғанын, оның ЮНЕСКО құрамында екенін және оны жойып жіберуге болмайтынын жергілікті шенеуніктерге түсіндіре алмай келеді.
Арнабай Нұржанов, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Қала бұл екі құрылыс қабатынан тұрады. Алғашында бұларды қарлұқтар мен шегелдердің, кейін қараханидтер дәуірінде ең бір гүлденген қалалардың бірі болған. Талхир деген аты бар, Жүрмен деген аты бар тарихи деректерде. Содан кейін қала Қазақстандағы ең көп зерттеліп кеткен қалалардың бірі.
Ойдым-ойдым қазылған жердің әрбір тасын шұқыған сайын сүйек-саяқтар мен қыш кірпіштер қалдығы шығып жатыр. Алаңқайдың ежелгі мекен екенін 1857 жылы әйгілі Шоқанның өзі жазып кетіпті. Енді мына салынып жатқан күре жол осы жәдігердің түгін қалдырмайын деп тұр.
Арнабай Нұржанов, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Қаланың өзінің жалпы аумағы 30 гектар жер. Орталық бөлігі 9 гектар жер. Ал енді мынау жол саламыз деген жер сол қаланың ауылшаруашылық аймағы дейміз, қаланың шеберханалары, тұрғын-жайлары, басқа да ғимараттардың салынған жері бұл жер.
Үлкен жолдың жобасы жасалған кезде оның тарихи ескерткішті басып өтетіндігі ескерілмей қалыпты. Өйткені бастапқы аумағы 4,5 гектар деп есептелген Талхиздің шекарасы 20 гектарға дейін ұлғайтылған екен. Оны ешкім білмеген. Сөйтіп, екі тараптың айтысы ұзаққа созылған соң жергілікті басшылар да жол құрылысын уақытша тоқтатып қойыпты.
Шавхат Сағиддинов, Талғар аудандық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:
- Құрылыс басталды ғой, сол кезде шықты ғой. 4,5 гектар деп жүре берген ғой. Өйткені, еш жерде тіркеуде жоқ бұл. Егер тіркеуде тұрса жоба жасалған кезде шығар еді ғой. Енді ана жерге айтып тұрмын ғой, былтыр келіп тоқтады. Әзірге мына археологиялық зерттеу бітпей, жасалмайды деді.
Жол салушылар ежелгі қаланың орнында арнайы қазба жұмыстарын жүргізген. Олар Талхиз қаласының бүгінде ешқандай тарихи құндылығы қалмаған деген қорытынды шығарыпты. Ал тарихшылар болса, қазба жұмыстарында өрескел қателіктер жіберілгенін айтады. Сондықтан, тарихи жәдігерді қорғап қалу үшін олар бар күштерін салатындарын айтып отыр. Енді осы айдың 27-сі күні облыс басшыларының қатысуымен кеңейтілген жиын өтпек. Бұл жерде жолдың не салынатыны, не салынбайтыны сол жиында шешілетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!