Астанада мас күйде рөлге отырған полиция майорының кесірінен ірі жол апаты бола жаздады
Астанада ащы суға сылқия тойып алған полицейдің кесірінен тура ішкі істер министрлігі ғимаратының жанында сұмдық жол апаты бола жаздады. Удай мас күйде рөлге отырған майор жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, тура алдында келе жатқан «Ниваға» соққан. Абырой болғанда темір тұлпардағы адамдар аман.
Автор: Жәудір Оразхан
23.08.2016
Оқиға куәгері Павел Калашников мас майордың көлігінің кілтін тапсырып жатыр. Астана тұрғынының айтуынша, ішімдікке тойып алған сақшы дәл мына көшеде апат жасап, қашып кетуге тырысқан. Павел офицердің соңынан қуып жетіп, әрең тоқтатыпты. Сөйтіп, спирттік ішімдіктен есін әрең білетін сақшыны көлігінен сыртқа шығарып, кілтін тартып алған. Дереу патрульдік полицейлерді шақырдым-дейді куәгер. Бірақ әріптестері полицейді тексеруге алып кетудің орнына, мастығы тарқасын деп екі жарым сағат далада ұстап отырған. Кейін болған бұл жағдайды жылы жауып қоюға тырысыпты.
Павел Калашников, оқиға куәгері:
- Түсінік алған соң, бізді бір-бірден шақырып, ақша ұсынды. Мас майор: бала-шағам бар еді, оқиғаны көрмеген болыңыздаршы деп жалынды. Қасындағы офицерлер де үгіттеді. Мен келіспедім. Өйткені ол нағыз қылмыскер. Енді шынымен де жылы жауып қоймақ. Ішкі істер департаментіне барып, қайта шағымдандым.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!