Ашынасын өлтіруге тапсырыс берген экс-әкім сотталды
Батыс Қазақстан облысындағы атышулы іске соңғы нүкте қойылды. Ашынасын өлтіруге тапсырыс берген Теректі ауданының экс-әкімі Жеңіс Серікқалиев 11 жылға сотталды. Сондай-ақ, оның сыбайласы әрі аудандық коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй бөлімінің бұрынғы басшысы Қажымұратовқа да 11 жыл жаза кесілсе, киллер қызметін атқарған жүргізушісі 10 жылға түрмеге жабылды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
01.09.2016
Үшеуі де қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтемек. Еске салсақ, ақпан айында Серікқалиев көңілдесі Кристина Сәлімгерееваны өлтірмек болғаны үшін тұтқындалған. Оның мұндай қадамға баруына ашынасының 2 жастағы қыздың заңды әкесі екенін мойындауын талап етуі себеп болыпты. Осы ақпарат елге тарап кетпес үшін атқамінер тұрғынүй шаруашылығы бөлімінің басшысына 500 мың теңгеге кісі өлтіруге тапсырма береді. Қажымұратов өзінің жүргізушісі Ысмағанбетовке киллер болуды бұйырған. Ол бұл істен бас тартқанымен, басшысы «мемлекет берген пәтерді алып қоямын» деп қорқытқан соң амалсыз көніпті. Сегіз жеріненен пышақталса да тірі қалған әйел қылмыскерді танып, қастандық жасағандар жазаларын алды. Бір қызығы, жәбірленуші Кристина жеме-жемге келгенде өзін өлтірмек болған лауазымды көңілдесін кінәсіз деп, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!