Көзбояушылық үшін бір балабақшаны бірнеше рет ашқан шенеуніктер қызметінен қуылып жатыр
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында көзбояушылыққа жол берген шенеуніктердің алды қызметінен кетіп жатыр. Өйткені олар екі жыл бұрын ашылған балабақшаның лентасын биыл тағы да қиыпты.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.09.2016
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келгенде аудандағылар не көрсетерін білмей әбден сасса керек. Сөйтіп, істеп тұрған балабақшаның есігіне лента таға салған. Алғашқыда жергілікті тұрғындар да Сапарбаевтың келуіне орай осы мекеменің алдында салтанатты шара өтетіне аса мән бермеген екен. Мұның балабақшаның ашылуына орай ұйымдастырылғанын естігенде көбі таңғалыпты. Өйткені, екі жыл бұрын Ақтөбе облысының экс-әкімі Архимед Мұхамбетов те көк лентаны қиып, тұрғындарды құттықтап кеткен еді. Құйтырқы әрекеттері әшкере болған Шалқар ауданының шенеуніктері енді кезінде құжаты дайын болмады деп ақталып жатыр. Ал балабақшаның ашылуына жауапты білім бөлімінің басшысы Рита Басмағанбетова бір күнде қызметін ауыстырып үлгерген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!