Астанада аты шулы Тоқтар Төлешовтың ісі құпия қаралатын болды
Шымкенттік «сыра королі» келесі апта сот алдында жауап береді. Тоқтар Төлешов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы процес 14-ші қыркүйекте Астанада өтпек. Тағылған айыптардың тізімі де ұзақ екен. Төлешов экстремистерді қолдау, қарақшылық, қылмыстық топ құрған, адамды заңсыз ұрлап, кісі өлтірген, билікті күштеп басып алмақ болды деген 16 қылмыс бойынша күдікке ілініп отыр. Бүгін атышулы олигархқа қатысты Астанада өткен сотқа дейінгі тыңдауға тілшіміз Жәудір Оразхан да қатысып келді.
Автор: Жәудір Оразхан
05.09.2016
-Бүкіл елді дүрліктірген Төлешов ісіне қатысты процесске журналистер тікелей қатыса алмайды. Материалда мемлекеттік құпия мәліметтер көп болғандықтан отырыс жабық өтпек. Бірақ әскери соттың алқа мүшелері әр процесстен соң, арнайы брифинг ұйымдастырып, ақпарат беріп отырмақ.
Төлешов пен өзге де күдіктілерге қатысты қылмыстық іс сотқа 29-шы тамыз күні түскен екен. Судья, адвокаттар мен айыпталушылар 300 томға арқау болған тергеуді небары бір аптада танысып шыққан. Сөйтіп, бүгін сотқа дейінгі алдын ала тыңдау болды.
Жандос Мұсабекұлы, ҚР Әскери соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
-Қылмыстық іс бойынша барлығы 25 сотталушы, 16 қорғаушы адвокат қатысуда. Төлешовке 16 қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін айып тағылауда.
Төлешовке тағылған айыптың тізімі ұзын-сонар. Шымкенттік кәсіпкер экстремистік топты басқарған, қарақшылықпен айналысқан, қылмыстық топ құрған, адамды заңсыз ұрлап, кісі өлтірген, билікті күштеп басып алмақ болған. «Сыра королі» банкке 200 миллион доллар берешек екен. Төңкерісті де сол қыруар қарыздан құтылу мақсатында жасауды жоспарлапты. Ал қылмыстық топ құрамында 5 жыл Бас прокурордың орынбасары болған зейнеткер Ілияс Бақтыбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің экс-басшысы Ғибратулла Досқалиев, 35 748 және 55652 әскери бөлімдерінің командирлері болған.
Жандос Мұсабекұлы, ҚР Әскери соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы
- Қалған 19 сотталушы Қылмыстық кодекстің әртүрлі бабымен айыпталған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру уақытында 13 сотталушыға қатысты қамауға алыну бұлтартпау шарасы қолданылған, қалған 12 сотталушыдан ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлықты туралы қолхат алынған.
Шымкенттік олигарх «Дед Хасан», «Жора Ташкентский» деген лақап атпен танымал халықаралық қылмыстық топтармен де тығыз байланыста болыпты. Кәсіпкердің жеке жасақтап алған әскері де бар. Онысын жасырмай, тіпті орыс-казактармен бірлесе парад өткізгені есте. Төлешов кейін түрмеде де тыныш жатпай, Сарыағаш қаласының 5 мың тұрғынын наразылыққа шығаруға тапсырма бергені анықталған болатын.
Тоғыз айдан бері тергеу абақтысында жатқан шымкенттік кәсіпкер келесі аптада сот алдында жауап береді. Алғашқы отырыс 14-қыркүйек күні өтеді. Процесс барысында 104 куәгер тыңдалады және 17 жәбірленуші бар. Ал істі «Арқанкергендегі» 15 қаруласын қырып салған Челахққа өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім кескен, талай генералды түрмеге жіберген судья Ербол Ахметжанов қарап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!