ЭКСПО нысандарының алғашқы легі алдағы айда пайдалануға беріледі
ЭКСПО нысандарының алғашқы легінің құрылысы алдағы айда аяқталып, көрме өтетін орындар қатысушы елдерге берілмек! Қазір көбінің ұсақ-түйек әрлеу, абаттандыру жұмыстары қалған. Одан кейін көрмеге қатысуға ниет білдірген 99 ел өз павильондарын безендіре берсе болады. Бүгін жұртты жинап, осылай сүйіншілеген «Экспо -2017» Ұлттық компаниясының басшысы, көрмені тіпті Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына теңеді.
Автор: Досжан Маратұлы
06.09.2016
ЭКСПО-ның ашылуына бүгін тура 276 күн қалыпты. Уақыт жақындаған сайын құрылысшылардың қарқыны артып бара жатқандай. Қазір арнайы қалашықта күні-түні қызу жұмыс.
Құрылыс уақытында бітеді деп сендірді бүгін ұлттық компания басшысы. Ал келер айда павильиондардың біразы пайдалануға берілмек. Осылай сүйіншілеген Ахметжан Есімов қызды-қыздымен тіпті ЭКСПО-ны дағдарысқа қарсы бағдарлама деп атады. Айтуынша, құрылысына бюджеттен миллиардтар бөлініп жатқан көрме мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ахметжан Есімов, «Астана Экспо-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
- Елімізде бірден 46 мың адамды жұмыспен қамтыған жоба болған емес. Сондықтан ЭКСПО-ны дағдарысқа қарсы бағдарлама деуге болады. Өйткені, мыңдаған адамдарға нан табуға мүмкіндік беріп отыр.
Көрме шетелдік саяхатшылардың көңілін аударуға үлкен мүмкіндік дейді Есімов. Өйткені, ЭКСПО-ға әлемнің 99 елінен 2 миллионнан астам қонақ келеді деп күтілуде. Ал, олар үшін павильондарды аралау құны қанша болатыны белгілі. Яғни, туристік пакеттің 40, 59 және 125 мың теңгеден жоғары сатылатын үш түрі бар. Оның ішіне үш күн қонақүйде жатып, көрмені аралау, тамақтану барлығы кіреді.
Ахметжан Есімов, «Астана Экспо -2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
-Елге жылына тек 70 мың турист келеді екен. Ал, халық саны бізден үш есе аз Грузияға 2 миллионнан астам турист барады. Тіпті, Түркия мен Грекияның клиенттерін тартып алып отыр.
Сондықтан Есімов ЭКСПО-ға келетін шетелдіктерге көрмені аралатып қана қоймай, еліміздің көрікті жерлеріне қыдыртуды да жоспарлап отыр.
-Тіпті, қоғамдық ұйым мүшелері тарихи жер ретінде Семей полигонына да апаруды ұсынған. Бірақ, ұйымдастырушылар қонақтардың денсаулығына алаңдағандықтан бұл бастама қазірден қолдау таппайтын секілді. Ал, мақтауы асырылған көрме ендігі жылы маусымның 10-нан бастап, тура 3 ай өтетінін айта кетейік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!