Ақтөбе облысында лаңкестердің тізіміне енген тұрғындар полицейлерді сотқа берді
Ақтөбе облысының екі тұрғыны аймақтағы Ішкі істер департаментін сотқа берді. Маусымдағы қанды қырғын кезінде полицейлер ағайынды Қожаниязовтарды содырлардың санатына қосып қойған екен. Бірі іздеуде жүрген лаңкестер тізімінен табылса, екіншісі өлген радикалдар қатарынан бір-ақ шығыпты. Сол қателіктің кесірінен үш айдан бері ағалы-інілі екеу жұртқа ақталып әлек. Енді өздерін әбігерге салып қойғандардан 20 миллион теңге моральдық шығын өндіруді талап етіп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.09.2016
-Сақал ештеңем жоқ. Намазға ондай жоқ. Қартайғанда болатын шығар намаз оқуға. Қазір енді ондайға бет бұрып жүрген жоқпын.
Жағабұлақ ауылының тұрғыны Самат Қожаниязовтың жат ағымның жетегінде кеткендерге қатысы жоқ екенін айтудан жағы талатын болды. Өйткені лаңкестер тізіміне кездейсоқ іліккелі бері жұрттың бәрі осыны сұраумен жүр. Жігіттердің өздері де маусым айында лаңкестердің тізімінен суретін көріп шошыған. Онымен қоймай, інісі Санатты өлген радикалдарға қосып қойыпты. Полицейлердің осындай салғырттығынан үш айдан бері отбасыдан маза қашты дейді ағайынды жігіттер.
Самат Қожаниязов, Ақтөбе облысының тұрғыны:
-Мені розыскідегі орентировкаға сондайға шығарып қойған. Сақалдылардың арасында тұрмын. Ешкімнің басына бермесін дейсің ғой. Жақсы зат емес қой бұл деген. Менің ұрпақтарым бар соңынан еріп келе жатқан. Қызым бар, ұлым бар. Ертең оларға не болады? Семьям да переживать етіп.
Ағайынды Қожаниязовтардың бірі мектепте, екіншісі мұнай компаниясында еңбек етеді. Екеуі де Ақтөбеде содырлар сойқан салған күні құдайы тамақта болған. Кейін лаңкестерге еш қатысы жоқтығын айтып тәртіп сақшыларына бірнеше рет барыпты. Бірақ ондағылар өз қателіктері үшін кешірім де сұрамаған. Енді өздерін әбігерге салған Ішкі істер департаментінен он миллион теңге моралдық шығын талап етуде. Ал полицейлер әліптің соңын бағып, тіс жармай отыр. Дегенмен, жақында еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы олардың шатысып кетуі мүмкін екенін айтқан еді.
Владимир Жұмақанов, ҰҚК төрағасы (1 қыркүйек, 2016 ):
-Мен жазықсыз адамдардың террористер тізімінде табылып жататынын жоққа шығармаймын. Бірақ ол тағы тексеріледі. Ал осыған байланысты арыз түсіргендердің мәселесін сот шешеді.
Алғашқы сот отырысына ағайынды Қожаниязовтардың үлкені ғана келді. Інісі жұмысынан босай алмапты. Енді олар тізімді жасаған Ішкі істер департаментінен бөлек, оны жариялаған жергілікті газеттен де он миллион теңге моральдық шығын өндіруді талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!