Лаңкестікпен күресті күшейткен мәжілісмендер заңға тағы бірнеше өзгерістерді қарастырды
Бүлікшіл болсаң, барыңнан айырыласың! Елімізде экстремизм үшін сотталғандардың мүлкі міндетті түрде тәркіленетін болды. Бұған дейін судьялар тек қылмыстық жолмен тапқан дүниені мемлекет меншігіне тартып алатын. Лаңкестікпен күресті күшейткен мәжілісмендер бүгін заңға тағы бірнеше өзгерістерді қарастырды. Оған сай, үлкен калибрлі қосауыз мылтықтарға да тыйым салынып, пәтер жалға берушілерге әр клиентін тіркеу міндеттелмек.
Автор: Досжан Маратұлы
08.09.2016
Ақтөбе мен Алматыдағы терактіден кейін Елбасы терроризм туралы заңды күшейтуді тапсырған болатын. Жаздай заң жобасын жасаған Ішкі істер министрлігі енді Парламент каникулдан келе салысымен сол құжатты қызу талқылауда. Мәселен, бұдан былай лаңкестігі үшін сотталғандардың дүние мүлкі тәркіленады. Мейлі ол қылмыстық жолға түскенге дейін жиналса да, мемлекет меншігіне қайтарылмақшы. Сондай-ақ қару-жарақ саудасын қадағалауды күшейту де ұсынылып отыр.
Марат Көлкебаев, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:
-Қазір заң бойынша аңшылық үшін 10 мылтыққа дейін сатып алуға болады. Мұның не қажеті бар? Оның санын төртке дейін азайту қажет. Әрі колибрі үлкен, қос ауыздарды мүлдем қолдануға тиым салу керек.
Дүкендерде де бұдан былай мылтық дайын күйінде сатылмауы мүмкін. Өйткені, Ақтөбеде лаңкестер дүкеннен қос ауыз ұрлап, әскери бөлімге шабуыл жасағаны белгілі. Егер сол кезде қару-жарақ дайын күйінде тұрмаса, мұның алдын алуға болар еді. Бұдан бөлек, лаңкестер жасырынып қалмау үшін пәтерін кім-көрінгенге жалға бере салатындарға да талап күшейтілмек.
Рашид Жақыпов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
-Қазір кез-келген адам қиындықсыз пәтер жалдай салады. Алматыдағы лаңкес те сондай пәтердің бірінде жасырынып, арам ойын іске асырған. Сондықтан баспана жалға берушілерге, әр адамның құжатын тексеріп, тіркеуге алуға мәжбүрлеу керек. Бағынбаса, айыппұл саламыз.
Заңсыз миграция, есірткі мен қару жарақ тасымалы. Бұлардың да жолын кесуге бар күш жұмсалады. Өйткені, террористік ұйымдар осы көлеңкелі бизнес арқылы қаржыландырылады екен.
Әрі интернет пен байланысқа да шектеу қою мәселесі сөз болды. Яғни, лаңкестерден қауіп төнсе, Ақтөбеде теракті кезіндегідей ұялы байланыс өшіріледі. Бұл бірінші кезекте экстремистердің бірлесіп, жымысқы ойын іске асыруына кедергі болмақ. Ал, қалған ұсыныстар әлі жан-жақсы талқыланады. Негізі депутаттар құжатты жаңа жылға дейін қабылдауды жоспарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары