Баян Есентаева күйеуінен қалай таяқ жегенін айтып берді
Баян Есентаева күйеуінен қалай таяқ жегенін айтып берді. Ауыр соққылардан атақты продюсердің сау жері қалмаған. Тепкінің астында қалған келіншектің сол жақ беті қисайып, көзі де нашар көретін болыпты. Бақытбек Есентаев актриса әрі әншінің мұрнын да оңдырмай сындырған. Ақыры ажырасып тынған ерлі-зайыптылар енді сотта есеп айырыспақ. Ал өлім ауызынан қалған Баян 22 жыл отасқан күйеуін кешірмейтінін айтып, оның үстінен зорлау дерегі бойынша іс қозғатты.
Автор: Аруна Ортай
08.09.2016
Күллі ел «Баян сұлу» деп еркелеткен продюсердің әлі де көзі көгеріп, беті ісініп тұр. Шетелден кезекті шығармашылық іссапардан оралған оны күйеуі әуежайдан күтіп алып, аулаққа апарып, білгенін істеген. Өзінен басқаға бұйырмасын деді ме Есентаев әйелінің бірінші бетін бұзып беріпті.
Баян Есентаева, продюсер:
-Барлық жерім: құлағым, мұрыным, ауызымнан қан ақты. Ол менің ернімді жыртып, тісімді түсірді. Тіпті, бетімді тіліп тастады.
Есентаевтар әулетіндегі шырғалаң екі ай бұрын басталған екен. Баян күйеуіне ажырасатынын айтып, басы бәлеге қалған. Қызғаныштан қаны басына шапқан Бақытбек Есентаев продюсерге пышақ ала жүгіріпті. Қазір атышулы істе «қастандық» бабымен қоса, «зорлау» сынды ауыр айыптар да тағылып отыр. Яғни отбасылық жанжал кезінде осындай сорақылықтар болған. Оны есіне алған Есентаева сұхбат кезінде жылап жіберді.
Баян Есентаева, продюсер:
-Әзірге бір шешім қабылдауға дайын емеспін. Әлі қорқыныш бар. Өзіме жақын адамым маған солай істегенде, басқалардан не күтуге болады?Сондықтан қатты қоқып қалдым. Енді істеген ісі үшін ол заң алдында жауап беруі керек.
Әбден көңілі қалған келіншек, 22 жыл отасқан күйеуін ешқашан сүймегенін айтып ағынан жарылды.
Баян Есентаева, продюсер:
-Мен оны ешқашан сүйдім деген емеспін. Жәй, бауыр басып кеттім. Қанша жылдар бірге тұрсақ та, оған деген сезім менде болған емес.
Бақытбек Есентаев бұған дейін де елге ерсі әрекетімен танылған. Казинода қызметші жігітті соққыға жығып, оңдырмай тепкілеген болатын. Тап осы жағдайды көрсететін видео тарағанда, «ондағы менің күйеуім емес» деп басын ала қашқан Баян енді ғана оның Бақытбек екенін мойындап отыр. Өзі күйеуінен оңбай таяқ жеген Есентаева болашақта еркек атаулыдан қорлық көрген әйелдерді қорғайтын ұйым ашуды көздейді екен. Ал Бақытбек Есентаевтың соты 14-ші қыркүйекке белгіленіп отыр. Бизнесмен қылмыстық Кодекстің 4 бабы бойынша жауап беретін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!