{metadescription}
Қасиетті Мекке қаласында қажылықтың негізгі рәсімдері аяқталды
Қасиетті Мекке қаласында қажылықтың негізгі рәсімдері аяқталды

Қасиетті Мекке қаласында қажылықтың негізгі рәсімдері аяқталды

Мұсылмандық парызын өтеуге аттанған үш мыңға тарта отандасымыз да аптап ыстыққа қарамай құлшылық қылып, жаратқаннан жақсылық тілеуде. Алдымен Мина жазығында түнеп, артынша Арафатта аяқтан тік тұрып дұға жасаған жамағат қазір құрбандық шалып жатыр. Төрткүл дүниеден жиналған барша мұсылман шайтанға тас ату, қағбаға тәуап жасау секілді амалдарды да орындайды.

-Бұл Мина жазығы. Басқаша айтқанда үлкен қажылықтың басталар жері осы. Сол себептен бес парыздың бірін өтеуге ниет еткен барша мұсылман ең алдымен осы жерге табан тірейді. Шамасы жеткендер көлікпен, ал жағдайы жоқтар 20 шақырым қашықтықты жаяу еңсереді. Өйткені қажылыққа ниет еткен барша мұсылманға Мина жазығында түнеу сүннет етілген.

Сондықтан тәу етушілер бір сәтке болса да жайлы қонақ үй мен жұмсақ төсекті ұмытуы тиіс. Өйткені төрт миллионға тарта мұсылман түгелдей тау бөктеріне қаз қатар тігілген ақ шатырларға жайғасады. Мұнда байға да байқұсқа да бірдей жағдай жасалған. Өйткені Алла алдында барлық пенде тең. Сондықтан жиналған жамағат жаратқаннан жақсылық тілеуден жалықпауы тиіс. Өйткені Пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға аттанған сапарында дәл осы Минаға тоқтап құлшылық қылып, намаз оқыған. Қазақстаннан келген қажылар да қалған қауымнан қалыспай бар уақытын тек мінәжат етумен өткізуде.

Гүлшат Махмудова, қажы:

-Мина жазығында Пайғабарымыздың өткен өмірі, жүріп өткен жерлері. Сол жерге келіп бізде дұға тілек жасап, Алладан елімізге, жұртымызға, Қазақстанымыз үшін тілек тілеп жатырмыз. Барша аналардың атынан дұға тілек жасап жатырмыз.

Минада түнеп шыққан жұрт таң ата Арафатқа аттанды. Бұл қажылықтың ең басты шарттарының бірі. Өйткені Пайғамбарымыз “Қажылық бұл - Арафат” деп айтып кеткен екен. Сондықтан қасиетті мекенде барша мұсылман алты сағат бойы аяқтарынан тік тұрып, кеш қарайғанша құлшылық етті.

Акбаржан Исмайлов, қажы:

-Бұл күнде Алла Тағала барша мұсылманның дұғасын қабыл етеді. Бұл Адам Ата мен Хауа анамыздың кешірілген жер. Қасымызда Рахман тауы. Оған дүниежүзінен келіп дұға жасайды. Туыстары, өздері, қайтқан кісілер үшін дұға жасайды. 

Арафатта тұрып Аллаға мадақ айту мүмін мұсылманның арманы. Алайда бұл бақытқа биыл тек төрт миллионға жуық жамағат кенеліп отыр. Олардың қатарында үш мың қазақстандық бар. Сондықтан қасиетті жерге табаны тиген барша отандасымыз бас қосып, бір мезетте барлығы бірдей дұға жасады. Яғни әркім қара басының қамын емес қазақ халқының  тыншытығын тәңірден тіледі.

-Бізден дұға тілеген елдегі барша Қазақстандықтардың дұғасы қабыл болсын.

Аптап ыстықа қарамай Арафатта дұға тілеген жамағат күн ұясына батысымен Мұздалифаға ағылды. Бұл жер нағыз төзімділік пен сабырдың сыналар сәті. Себебі қажылар қара жерге төсеніш жайып, ашық аспан астында ұйықтауы тиіс. Сондай ақ шайтанға ататын тасты да осы жерден теріп алған абзал. Яғни көлемі бас бармақтай болатын 49 тас теріліп, қажылар Құрбан айт күні алғашқы жеті тасты шайтанға атты.

-Шайтанға тас атып жатыр.

Осылайша қасиетті Мекке шаһарында Үлкен қажылықтың негізгі шарттары толық аяқталды. Сондықтан қажылар кешелі бері құрбандық шалып, шаш алғызып, Ихрамнан шықты. Енді тек Минада түнеу, шайтанға тас ату, қағбада тәуап қылу амалдары қалды. Осының бәрін орындап болғаннан кейін төрт күл дүниеден жиналған төрт миллионға тарта мұсылман қасиетті қаламен қимай қоштасып, өз үйлеріне қайтады.

 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде