Астана іргесінде тұратын ауыл халқы әкімдерін жағадан ала жаздады
Астана түбіндегі Қоянды ауылының халқы қанша жылдан бері жол, ауыз су мен электр жарығына жарымай шулап жүр. Айтуларынша, жаңбыр жауса болды, батпаққа бататын ауыл ішінде көлікпен жүру мүмкін емес. Ал, жедел жәрдем шақыру мүлде мұң екен. Әбден тұрмыс азабын тартқан жұрт ауыл әкімінің кабинетіне баса көктеп кірді.
Автор: Досжан Маратұлы, Жәудір Оразхан
13.09.2016
Астанадан небары 20 шақырым жердегі Қояндыда түрлі коттедждер салынып ауыл өсіп жатқанымен, жұрт өркениеттен жұрдай. Ауыл ауыл болғалы не жол, не су жоқ. Жарық та екі күннің бірінде сөніп, жығылғанға жұдырық болып тұр.
Нәсіпхан Әруан, Қоянды ауылының тұрғыны:
- Астанадан суды көтеріп келеді балалар, ащы су ішіп отырмыз. Бізге жолды жасап берсінші. Астананың қасында отырып, өзі жолаушы келсе ұяламыз мұндай күн көріп отырғанымызға, ұяламыз. Ойбай, мыналарың не, масқара екен дейді.
Қонақ келсе ұяламыз деген жұрт әсіресе, жолдан көп азап шегіп отыр. Ауылға кіре алмай көлігін далада қалдырғаннан ұры қаралар да сайманнан түк қоймайды екен. Жаман жолдың кесірінен жедел жәрдем келмейтінін білетін жұрт қанша жерден ауырса да ауруханаға өзі баруға мәжбүр.
Жол азабын тартқан тұрғындарға ауыл әкімі ақша жинап өздерің жөндеңдер деген екен. Бұл онсыз да ашулы жұрттың шыдамын тауысса керек, олар әкімнің кабинетіне баса көктеп кіріп, сұрақтың астына алды.
Сүйіндік Қабаев, Қоянды ауылының тұрғыны:
-Бізге келгенде негізгі жол төселмеген, үлкен жол. Неге сіз сілтеп саласыз? Халықтан жинап алып ақшаны? Өздерің істе деп? Өздеріңіз істеуіңіз керек.
Ал, әкім жолды ауыл болып бірігіп істеуден басқа амал жоқ дейді. Өйткені, тас жол төсеу үшін былтыр бюджеттен небары үш жарым миллион теңге бөлінген. Ол алты шақырым жолды ғана асфалттауға жетіпті.
Өмірсерік Ержанов, Қоянды ауылының әкімі:
-Бұл кісілерге айттым мен, кішкене тоса тұрыңыздар, келетін техника бар. Келеді ол, бір аптаның ішінде. Екіншісі, жаңағы фирма бар көмектесеміз деп отырған. Айқайдан, телевидение келгеннен ештеңе жылдам шешілмейді.
Бұдан кейін әкім тұрғындардың өздерін кінәлады. Өйткені, қалада жұмыс істейтін ауыл жұртының жартысы сонда тіркеуде тұр. Халық саны 10 мыңға жетпегендіктен, мектеп, балабақша, аурухана, жедел жәрдем станциясын ашу мәселелері де шешілмей тұр екен. Сондықтан тұрмыс тауқыметін тартқан жұрттың жағдайы қашан оң алары белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!