Ақтөбеде суық пәтерде жан сақтап отырған балалар елден көмек сұрады
Ақтөбеде бір үйдің алты баласы қамқорлықсыз қалды. Оларды анасы екі жыл бұрын тастап кеткен. Тек амандықтарын білу үшін Тараздан анда-санда хабарласып тұрады. Ал қорған боп отырған әкелері жақында миына қан құйылып, ауруханаға түсіпті. Енді қараусыз қалған балалар саяжайдағы құрылысы бітпеген суық үйде тұрып жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.09.2016
Суықта бүрсеңдеген бұл бөбектер туралы жұрт әлеуметтік желі арқылы біліп, жағаларын ұстады. Жалғыз қамқоршысы – әкелері жақында инсульт боп, ауруханаға түскен. Енді отбасының бар ауыртпалығын үйдің үлкені – 17 жастағы Сапаргүл арқалап жүр. Жағдайларының жоқтығын айтудан ол қысылғанымен, бесінші сыныпта оқитын сіңлісі Жасмин тәтпіштеп айтып берді.
Жасмин Ниязбекова:
-Папам осы жақында ауырып қалды тұтығып сөйлеп. Сосын инсульт екенін айтты дәрігерлер. Енді он күн бойы жатады деді. Бірақ әлі неше күн жататыны белгісіз. Мен үйде сіңілілеріме қараймын. Тамақ жегенде тамақ істеуге көмектесемін.
Балалардың анасы екі жыл бұрын тастап кеткен. Қазір ол Тараз жақта саудамен айналысып жүрген көрінеді. Ара-тұра хабарласып, амандықтарын біліп қояды екен. Ең қызығы, ол қыздарын бақпақ түгілі керсінше осыдан жеті ай бұрын емшектегі ұлын әкеп тастаған.
-Жаным, жаным, жаным...
Қараусыз қалған 6 бала саяжайдағы құрылысы бітпеген үйде тұрып жатыр. Баспана деген аты болмаса төбесі жартылай жабылған. Жылу болмаған соң еденнен сыз өтеді.
Інжу Ниязбекова:
-Бізге көмек керек. Тоңамыз. Үйге газ керек.
Қараусыз қалған балалардың жағдайынан әлеуметтік желі арқылы хабардар болған әкімдіктегілер мұнда бүгін жетті. Шенеуніктер енді олардың жақындарын іздеп, құжаттарын тексермекші. Егер туыстары табылмаса арнайы орталыққа алып кетеміз дейді
Ботагөз Есенова, Ақтөбе қалалық кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі комиссиясының хатшысы:
-Ақтөбе облысы бойынша бейімдеу орталығы бар. Жасына байланысты балаларды сонда орналастырамыз және үшке толмаған балалар болса, «Үміт» сәбилер үйіне уақытша орналастырамыз.
Үйдің үлкені – Сапаргүлдің бауырларын ешқайда жібергісі жоқ. Әкімдіктегілер баспаналарына газ бен су жүргізіп берсе, қайырымды жандардың көмегімен өздері-ақ аяқтан тұрып кететінін айтады. Айт мерекесінде жұрт жылы киім мен азық-түліктерін жеткізіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!