Шымкентте балабақша тәрбиеленушілері бір-бірін тұншықтырып өлтіре жаздады
Мекеменің кіші тобындағы бірнеше бала 4 жасар Марк Хаджиевті тамағынан жіппен буындырған. Қылқынған ол есінен танып қалыпты. Тәрбиеші тек балалар шулап қоя берген соң келген көрінеді. Енді ата-аналар жанжал шығарып, бүлдіршіндерге бас-көз бола алмағандардың жазаға тартылуын талап етуде.Марктің анасы 6 күн бұрын баласынан айрылып қала жаздағанын айтады. Балабақшадан телефон шалғандар «ұлыңыз жылап жатыр, келіп кетіңіз» депті. Баламды көрген кезде естен тана жаздадым дейді өзі. Мына кадрларды ата-анасы сол күні телефонға түсіріп алған.
Автор: Бек Әбиев
13.09.2016
Алина Хаджиева:
-Балабақшадан хабар келген соң күйеуіміз екеуіміз барсақ ұлым ауа жетпей қысылып отыр. Тамағы қып-қызыл. Балалар жіппен қылқындырды деп жылайды. Ал, тәрбиешілері мен меңгерушісі бала өзі құлап қалды дейді.
Өзі құлап қалды деген уәжге №14 «Сұңқар» балабақшасындағылар бүгін де тілшілерді сендіруге тырысты. Айтуларынша, бала қуаласпақ ойнап жүріп, жығылған.
Қалбүбі Тұңғышбаева, балабақша меңгерушісі:
-Міне. құлады деп отырмын ғой. Құлады да ДСП-ге сыдырып кетті. Қуаласпақ ойнап жүріп. Тәрбиеші қасында отырды, болды. Ол енді жүгіріп бара жатқан баланы ұстап қала алмайды ғой.
Тілші. Тәрбиешінің кінәсі жоқ дегенімен оған қатаң сөгіс жариялапты. 4 жыл қызмет еткен маман бүгін таңертең ғана өз еркімен жұмыстан да кеткен. Қазір бұл мекемені ата-аналардың арызы негізінде білім бөлімі тексеруде.
Күлзина Уәлиханова, Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
-Енді білім бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді. Тәрбиеші өз өтініші бойынша жұмыстан шығарылды. Алайда, бірінші басшы яғни меңгеруші жұмысына немқұрайлы қарағаны үшін тәртіптік шара қолданылды.
-Қандай?
-Сөгіс берілді.
«Сұңқар» балабақшасындағы жағдайдан кейін шала бүлінген білім бөлімі мектепке дейінгі барлық мекемелерге балаларға мұқият болуды қатаң ескертіп, жиын да өткізіпті. Қазір, №14 балабақшадағы жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталып, сараптамалар да тағайындалған. Қортындысы бойынша қатаң сөгіс алған бұрынғы тәрбиеші тіпті сот алдында жауап беруі де мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!