Алматы шенеуніктері балабақша мәселесін шешудің оңай жолын тапты
Жұрттың бас ауруына айналған балабақша мәселесі Алматы облысындағы Жамбыл ауданында шешімін таба бастады. Себебі, мемлекеттіктен бөлек, соңғы уақытта жекенің меншігіндегі балабақшалар көптеп ашылған. Бір ауданның өзінде мұндай мектепке дейінгі мекеме саны 50-ге жуықтапты. Ата-аналарға да бұдан былай кезекті жылдап күтудің қажеті жоқ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
14.09.2016
Жамбыл ауданының 3 балабақшаға жәутеңдеп жүргені кеше ғана. Ал бүгінде мұндағы бөбекжайлар саны 50-ге жуықтапты. Жаңадан бой көтерген мекемелердің басым бөлігі жекенің женшігінде. Дегенмен, ата-аналар да, білім берушілер де мұндай балабақшалардың мемлекеттіктен аса айырмашылығы жоқтығын айтады.
Ләйләш Бәкірова, Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Балаларға тәрбие жағынан бұлардың айырмашылығы жоқ. Тек қана төлем ақшасы бізде 4-5 мың ғана айырмашылығы бар.
Бірнеше жыл бұрын бөбекжайлардағы орынның жоқтығынан тұрғындар жылдап кезекте тұратын. Міне, енді аудандағы өзекті мәселе жаңа балабақшалар есебінен шешімін тауып отыр.
Бақытгүл Жалкеева, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
-Бұрындары баламызды балабақшаға өткізейік десек, жасынан өтіп кететін тұғын. Балабақшада кезек өте ұзақ болатұғын. Қазір еш қиындығы жоқ. Балабақша өте-өте көп ашылып жатыр.
Бұған дейін ата-аналары жаппай наразылық білдірген Қарғалы ауылындағы 3 ауысыммен оқитын мектеп мәселесін де шешетін күн алыс емес деп сендіріп отыр басшылар. Яғни білім ошағына оқушылар сыймағандықтан, онда қосымша ғимарат салынбақшы.
Ләйләш Бәкірова, Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп отыр. Келесі жылы ол мектептің қосымша ғимараты пайдалануға берілсе, ол мектепте де біз 3 ауысымдық мәселесін жоямыз.
Қазір ауданда орынның тапшылығынан 5 мектеп 3 ауысыммен оқуға мәжбүр. Дегенмен, күрделі мәселені шешу үшін де біраз шаруа атқарылып жатқан көрінеді. Яғни ауданда су жаңа білім ошақтары бой көтеруде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!