Алматыны апаттан құтқаратын орталық ашылды
Алматыда төтенше жағдай мен табиғат апаттарының қаупін төмендету орталығы ашылды. Бұл ұйым аймақтық және мемлекетаралық деңгейде болатын оқыс оқиғалардың алдын алу, зардабын азайту және жұртты құлақтандыру жұмыстарын мықтап қолға алмақ.
Автор: Олжас Байжан
14.09.2016
Аталған орталықты ашу туралы шартқа осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан мен Қырғызстан өкілдері қол қойған болатын. Әзірше оған осы екі ел ғана мүше. Климаттың өзгеруіне байланысты табиғат апаттарының жиілеуіне орай биыл Ауғанстан бұл ұйымға бақылаушы ретінде кірген. Алдағы уақытта Орта Азия және Кавказ елдерін осы орталыққа қабылдау мәселесі көтерілмек. БҰҰ-ның бірқатар институттары жаңадан құрылған ұйым жұмысына қатысты ұсыныстарын жіберіп үлгерген. Сондай-ақ ол еліміздің Сыртқы істер министрлігің аккредитациясынан өтіп, мемлекетаралық орган статусы мен халықаралық ұйым ретінде тіркеліпті.
Валерий Петров, Төтенше жағдай мен табиғат апаттарының қаупін төмендету орталығының директоры:
-Төтенше жағдай болып, орталыққа мүше елдердің күшін жұмылдыру қажеттілігі туындаса, біз үйлестіру жұмыстарымен айналысамыз. Себебі, орталықта лауазымды қызметкерлер жұмыс істейді. Құтқарушылардың шекарадан өту, шекараға жақын аймақтарда жұмыс жүргізу мәселелері тез арада шешілетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!