Алматы облысында дәрігерлер науқастың өлімін жасыру үшін амбулаториялық картаны қайта жазған
Алматы облысында екпеден кейін науқасы тіл тартпай кеткен емханаға қатысты тағы да дау туды! Жөтелін емдеймін деп, ажал құшқан Александр Сивактың жақындарының адвокаты марқұмның амбулаториялық картасын қолдан өзгерткенін айтып, дәрігерлерді айыптауда.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
14.09.2016
Алла Жиенбаева, адвокат:
- Мен Сивактің амбулаториялық картасын сұрағанымда, тергеушілер оның түпнұсқасын жасырып бақты. Осыдан кейін күдіктене бастадық. Кейін әйтеуір картаның көшірмесіне қолым жетті. Олардың картадағы жазуларды өзгерткені анық. Ол тайға таңба басқандай көрініп тұрды.
Емханада көз жұмған марқұмның әйелі де мұны растап отыр. Яғни, Сивактың картасына өзгерістер енгізілген көрінеді. Картадағы анализ қағаздары алынып, оның орнына дәрігерлер ойына келген мәліметтерді қосып қойған-мыс. Тіпті, картаға марқұмның жиі арақ ішкені туралы жазу енгізіліпті. Бірақ, бұл барып тұрған жала дейді жақындары. Оның үстіне, сараптама нәтижесінде марқұмның ағзасынан ешқандай алькоголь табылмаған. Сорақысы сол, іске қатысты жүргізілген сот медициналық-сараптама осы амбулаториялық карта негізінде жүзеге асыпты. Сондықтан Александр Сивактың жақындары мен олардың адвокаты сараптама қайта жасалса дейді. Айта кетсек, Алматы облысының Бәйтерек ауылында жөтелін емдеуге барған 65 жастағы науқас екпеден кейін тұншығып, емхана ішінде тіл тартпай кеткен болатын. Сивактың туыстары дәрігерлерге оның аллергиясы бар екенін ескерткен. Бірақ мұны құлаққа ілмеген мейірбике сынама жасамай-ақ дәріні егіп, арты қайғылы оқиғамен аяқталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!