Ақтау тұрғындары тарифтің қымбаттауына қарсы шықты
Ай сайынғы коммуналдык қызмет үшін келген түбіртекті көрген ақтаулықтардың төбе шашы тік тұрды. Өйткені, мұнда кейбір қызмет түрі 2 есеге дейін қымбаттап кеткен. Шаһарды жарық және сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын өкілдері бұл қадамға амалсыздан бардық дейді. Онсыз да шығынмен жұмыс істейміз деп зар жылаған монополистер тарифті тіпті алдағы уақытта тағы көтереміз деп отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
15.09.2016
Алғашында түбіртектегі соманы компьютерден кеткен қате екен деп ойлаған ақтаулықтардың бұл үміті төлем орталығында бірден сейілді. Коммуналдық қызмет тамыздан бастап шынымен де қымбаттаған екен.
Елена Андреева, Ақтау қаласының тұрғыны:
-15 мың теңге келді. Әзірге 12 мыңын төледім. Ақшам жетпей қалды. Бұл тек жарық пен судың ақысы. Бұрын 5-6 мың теңге төлеуші едім, енді 10-11 мың болыпты.
Тұрғындарды өркениет игіліктерімен қамтамасыз ететін компаниялар тарифті көтеру тығырықтан шығар жалғыз жол екенін алға тартты. Айтуларынша, олардың да шығыны шаш етектен. Тек газ тасымалдау қызметі былтырдан бері 500 пайызға өсіпті. Олар болса тарифті тек 34 пайызға көтердік деп шыр-пыр. Ал жарықтың әр киловаты 11-ден 14 теңгеге дейін қымбаттаған.
Қолғанат Нұржаубайұлы, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС баспасөз хатшысы:
-Жылдың аяғына дейін электр энергиясының бағасы осы күйінде сақталады. Бірақ ары қарай бұл бағаны ұстап, көтермейміз деп әзір айту қиын. Себебі жоғарғы органдардың талап етуі бойынша бізде де осы заңды тұлғалар менен жеке тұлғалардың бәрінен ортақ бір баға болуы керек. Сондықтан ол болашақтың ісі, уақытында көре жатармыз.
Сондықтан ақтаулықтарды алдағы жылу маусымында да дәл осындай тосын сый күтіп тұр. Монополияға қарсы комитеттегілер бәрі заң аясында деп отыр. Әрбір өңір үшін шектеулі тарифті Энергетика министрлігі бекітеді екен. Ендеше қалалықтарға жарық пен суды үнемдеуден басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!