Атыраулық шенеуніктерге сөзін өткізе алмаған жұрт Астанаға жолға шықты
Атырауда тұрғындар өздерін осы уақытқа дейін құрғақ уәдемен алдап келген әкімдерінің шаңын қақты. Қала маңындағы Қайыршақты ауылдық аймағының басшысы құр сөзбен алдарқатуынан қара халық әбден мезі болған. Енді биылдан қалмай жол салынбаса ашынған жұрт Атырауды қойып, Астанада шу шығаруға бекініп отыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
16.09.2016
Қара алтынның үстінде тұрса да, қасқаның күнін кешкен халықтың күнделікті қатынас жолы осындай. 10 жылдан бері шыдап келе жатқан көктемдіктер биылғы күз бен қысты да осылай қарсы алмас үшін қам жасапты. Ерте көктемнен әкімдіктің табалдырығын тоздырумен жүрген. Бірақ бүгін-ертеңмен шығарып салған ондағылардың уәдесі биыл да орындалар түрі жоқ.
-Сіз бізге уәде беріп кеттіңіз «бәрін істейміз, жол болады» деп! Қашанға дейін күтеміз? Сіз бірінші тамыз дедіңіз, қыркүйек дедіңіз, енді қазан деп отырсыз ғой. Қара балшық, жаңбыр жауады, сонда қашан саласыз?!!
Нашар жолмен жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтерінің дер кезінде жете алмауы салдарынан қайғылы оқиғалар жиілепті. Қариялар жүрек ауруы, қан қысымынан көз жұмса, бірнеше бүлдіршін тірідей жанып кеткен.
Қамария Шудабаева, Атырау қаласының тұрғыны:
-Үй өртенді мына, жердің балшықтығынан, жол болмағандықтан бір үйден 3 бала қаза тапты. «101» келмейді. Жедел жәрдем шақырсақ, жолдың бойынан күтіп ал дейді. Үйдегі ауырып жатқан адамды тастап, қасында кісі жоқ, жолға жүгіреміз бе?
Жиі-жиі жиналыс жасап, соңынан қалмаған халықтың айқайынан жалықты ма, әкім әуелгіде көлігіне отырып, кетіп те қалды. Бірақ аз уақыттан соң қайта келіп, тағы да уәдені үйіп-төкті. Сөзіне сенсек, көктемдіктер биыл балшыққа белуардан батпайтын болады.
Шапхат Қалиев, Қайыршақты ауылдық аймағының әкімі:
-Биылғы жылы 6-шы көше мен 12-ші көшеге осы қазан айынан бастап 2 көшеге жол салынады.
Дегенмен, асфальт төсеу жұмыстары тендерді ұтып алған мердігерге де байланысты. Ал тұрғындар қазаннан қалмай жол төселмесе, Атырауды қойып, Астанаға барып арызданбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!