Шұрық тесік жолдан шаршаған ақтөбеліктер қала әкімі Ілияс Испановты ұялтты
Ақтөбе тұрғындары көз алдындағы көшені жөндей алмай отырған шенеуніктерге өкпелі. Өйткені қалалық әкімдікке тіке қатынайтын жолға асфальт төселмеген. Жыл сайын атқамінерлер маңайдағы қиылыстарға дейін жаңалағанымен, Қарасай батыр көшесін қалыс қалдырады екен.
Автор: Жаңалық Ахаш
21.09.2016
Бұл қалалық әкімдікке тіке қатынайтын үш көшенің бірі. Бірақ Ақтөбенің қақ ортасында тұрса да жолдары өмірі жөндеу көрмеген. Жаңбырлы күні жұрт батпаққа батып, ойдым-ойдым жерлерінен көлік әрең жүреді.
Жанар Жәкеева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Мына көше дәл әкімдікке барып тіреледі басы. Сонда бұл көше осылай жата бере ме? Қаланың ішінде. Ауыл емес қой бұл?. ..
Қарасай батыр көшесінің тұрғындары қанша жылдан бері шенеуніктерге арыз жазып шаршаған. Осы жолмен күнде қатынап жүрген әкімдердің ешбірінің мәселеге мойын бұрмағанына өкпелі.
Сәлима Кенжетаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Қаланың әкімі де жүрген шығар мына жолмен талай рет. Ол ұялмай қалай жүреді осы жолмен? Мен соны білмеймін. Кімнен сұрарымызды білмеймін?. Жазбаған жеріміз жоқ. Жауап жоқ.
Ең қызығы, жергілікті атқамінерлер жұрттың арызына көшеде қозғалыстың аздығын айтып жауап берген. Шұрық-тесік жолмен көліктердің сығылысып жүріп жатқанын байқамапты. Тек енді ғана көздері ашылып, жан-жақтарына қарап жатқандарын айтады.
Руслан Төреғали, Ақтөбе қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:
-Осы Қарасай батыр көшесін 2017 жылдың жұмыс жоспарына енгізу жоспарланып отыр. Толығымен күрделі жөндеу жұмысына асфальт жамылғысын төсеу, жаяу жолдар қарастырылатын болады.
Мына Қарасай батыр көшесінің жолын бұған дейін шенеуніктер үш рет жөндемек болған. Бірақ сметалық жобасы дайын болған кезде кейінге шегеріп отырыпты. Оған не себеп болғанын ешкім түсіндіріп бере алмады. Енді бұл көше тұрғындарының жолдың жаңартылуын тағы бір жыл күтуіне тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!