Таразда шиеттей баласымен далада түнеп жүрген әйел әкімдіктің көмегінен бас тартты
Тараздағы көпбалалы ананың тағдыры жұртты алаңдатып отыр. Себебі жалғызбасты әйелдің пәтер жалдауға мұршасы болмай, бес баласымен бес күннен бері далада түнеуге мәжбүр. Жанар Қуандықованың ұл-қыздары қазірдің өзінде шетінен сырқат.
Автор: Руслан Әбдіхалық
21.09.2016
Бес баласын бауырына басқан келіншек ашық аспан астында тұрып жатыр. Жерге көрпе төсеп, мына жатақхана ығын бес күн бойы паналауда. Жатын орны, ас болмесі бәрі осында. Жоқшылық жанына батқан жандар суыққа төзімділік танытқанымен, аштыққа шыдай алатын емес.
Жанар Қуандықова, «Күміс алқа» иегері:
-«Қарным ашты» деп жылайды балаларым. Нан мен су әкеп беремін. Үш-төрт күн болды ыстық ауқат ішкен жоқ балаларым.
Күйеуімен ажырасқан Жанардың жеті баласы бар. Екеуі есейіп тұрмысқа шыққанымен, жақындарына қарайласуға мұршасы жоқ. Ал бес баланың ең кенжесі төртте, өзгесі мектеп жасында. Олар бес күннен бері сабаққа бармаған.
-Қалай болса солай құлай кетеміз. Орын болса болды.
Жалғызбасты әйел жұмысынан босап қалған. Сөйтіп қаржы таппай пәтерінен қуылыпты. Барар жері, басар тауы қалмаған ол әкімдіктен еш жәрдем жоқ деп отыр. Ал, шенеуніктер кінәні келіншектің өзіне жапты. Айтуларынша, Жанар Қуандықова 51 мың жалақы әрі ай сайын «күміс алқа» иегері ретінде алатын 35 мың теңгені місе тұтпаған. Тіпті ішімдікке әуестігі бар деп салды.
Гүлбахрам Дүйсекова, Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
-Қоғамдық жұмыстың мерзімі бітуіне байланысты ол қазір жұмыссыздар тізімінде. Оған 8-ші мектепке тұрақты жұмысқа жолдама берілгенімен бас тартып отыр. Оған кәсіптік біліктілігін арттыру үшін оқу да ұсынылған, одан да бас тартты.
Әйтсе де, билік өкілі «күміс алқа» иесі далада қалмайды деп сендіреді. Оны бүгін полицейлер дағдарыс орталығына ертіп апарған. Бірақ әйел мұнда қыстап шығуға қарсылық білдіріп, кетіп қалыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!