Алматыда көшеде өсіп тұрған ағаштар адамдарға құлап жазым етіп жатыр
Талдан таяқ жегенің үшін ешкім жауап бермейді! Алматылықтар көшеде өсіп тұрған кәдімгі ағаштардан сақтанып жүруге мәжбүр. Өйткені қаланың көркін келтірген жасыл желектердің құлап, адамды жазым етуі немесе мүлікті бүлдіруі жиілеген. Десе де ағаштан зардап шеккендер ауруханадан бір-ақ шықса да, талдың өзінен басқа жауаптыларды таппай қалуда. Себебі, қаладағы құзырлы органның ешқайсысы бұл үшін жауап бермейді екен.
Автор: Аруна Ортай
22.09.2016
Элеонора емізулі баласымен еменнің астында қалып қойған. Алып ағаш ол көлігіне отыра бергенде құлапты. Оқиға қалалық саябақтың ішінде болса да, әкімдіктегілер айдаладағы мейрамхананы кінәлаған.
Элеонора Пак:
-Бізге әкімдіктегілер «жауап бермейміз, талдың құлағанына мейрамхана жауапты, өйткені сіздің көлігіңіз солардың тұрағында болған» деп басын ала қашты.
Ал көліктің сау-тамтығы қалмаған. Тірі қалғанына әйелдің өзі аң-таң. Ал періштесі қаққан сәбиге бірнеше ота жасалыпты. Десе де, ауыр жарақаттарға қарамастан қозғалған қылмыстық іс ертесіне-ақ жабылған. Өйткені, еменнің иесі сол күйі табылмай, аяғында ағаштың өзі кінәлі боп шыққан.
Мөлдір де – ажалдан аман қалғандардың бірі. Студенттің басына ағаш сабақтан шыға бергенде сұлаған. Алайда, Алматыдағы аты дардай әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «оқиға сыртта болған» деп жауапкершіліктен сытылып кетіпті. Әкімдіктегілер де өсіп тұрған талдан айнып, ақыры қыздың өзін кінәлап тынған.
Мөлдір Ержанова:
-Мүмкін «наушникпен» кетіп бара жатқан шығар деп келеке етіп отыр. Сол қарайтын аймақтың басшысы жазалануы керек! Болашақта ешкімнің басына ағаш құламас үшін. Ол жерде қаншама жастар жүреді, студенттер жүретін жер.
Десе де, шенеуніктер ағаштан зардап шеккен студенттің қолына еміне деп 150 мың теңге ұстатып кетіпті. Сөйтіп, ертеңіне айналадағы емендер мен қайыңдарды отап, жылан жалағандай еткен.
Жадыра Құрманғалиева:
- Коммуналдық шаруашылық қызметкерлері шіріген ағаштарды кесіп, сенбілік жүргізіп жатыр деп хабарлады. Бізге ол жердің иесі жоқ деген жауап келді. Ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді.
Сот алдында тұрмақ, әкімдіктегілер қарапайым түсініктеме беруге де жарамады. Шіріген талдар шаһарда жоқ делінгенімен, зардап шегушілердің қарасы күн санап көбейген. Есесіне, талды кескен жағдайда иесі бірден табыла кететіні тағы бар. Алматыда бір ғана ағашты зақымдаған жағдайда 300 мың теңге айыппұл қарастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!