Мәскеуде алапат өрт болып, 8 құтқарушы қаза тапты
Олар жалынмен арпалысып жатқанда, ғимараттың шатыры опырылып түскен.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
23.09.2016
Қызыл жалын қаланың шығыс бөлігіндегі жасанды гүлдер қоймасынан шыққан. Ғимарат пластмасса заттарға толы болғандықтан, өрт тым тез таралыпты. Оны ауыздықтау да оңайға соқпады. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен 14 сағат бойы арпалысқан. Бұған қоса, ғимараттан 30-дан аса газ баллоны шығарылды. Соның өзінде өрт 4 мың шаршы метр аумақты шарпыған. Құтқарушылар қоймада жұмыс істейтін 100-ден астам адамды аман алып шығыпты. Ал, өздерінің 8 әріптесі шатырмен бірге құлап, тірідей жанып кеткен. Қазір жалынның тұтануына қатысты түрлі болжамдар айтылуда. Дегенмен, ол өрт қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан шыққан болуы мүмкін. Себебі, бұған дейін ресейлік төтенше жағдай қызметкерлері ғимаратта қауіпсіздік ережелерінің сақталмағанын анықтап, айыппұл салынған екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!