Тараздық кәсіпкерлер Зүлфия Габидуллинаға хан сарайындай зәулім үй салып беретін болды
Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зүлфия Габидуллина бүгін туған жеріне келді. 4 жылда бір өтетін байрақты бәсекенің жеңімпазын жергілікті жұрт әуежайдан құшақ жая қарсы алды. Жырақта үш ай жүрген чемпион қазақтың төл асы – етті қатты сағыныпты. Сондай- ақ ол енді пандусы жоқ көп қабатты үйдегі пәтеріне кіріп-шығып қиналамайтын болды. Оған жергілікті билік демеушілердің көмегімен жер үй салып беруге әуде етті.
Автор: Руслан Әбдіхалық
26.09.2016
Рио-де Жанейрода өткен паралимпиада ойындарының жүлдегерін шенеуніктер мен оның жақындары әуежайдан күтіп алды. Чемпионның келуін тағатсыздана күткен елде есеп жоқ.
Зүлфия Ғабидуллинаның есімі қазақ спорт тарихында алтын әріппен жазылатыны айтпаса да түсінікті. Бұған дейін паралимпиада ойындарында мұндай жеңіске жеткен спортшы болмаған. Мүгедек әйел бірнеше дүркін әлем чемпионы. Алайда дәл осылай көшеметке бөленген емес. Мүмкіндігі шектеулі чемпион қазір көп қабатты үйде тұрады. Енді демеушілердің көмегімен жер үйлі болмақ.
Кәсіпкер Зүлфияға баспананы өзінің қалауына қарай салып бермек. Әрі зәулім сарайдан кем түспейді деп уәде етілген жер үй Спорт сарайының маңына түсетін болды. Яғни Ғабидуллинаның жаттығуға барып-келу жағы ескерілген. Бірақ, әзірге құрылыстың мерзімі нақтыланған жоқ. Бұған чемпион аса бас қатыра қоймады. Ол жалғыз қызы мен жақындарын қатты сағыныпты.
Зульфия Габидуллина, Паралимпиада чемпионы:
-Менің тойымда мұнша қонақ болған емес. Сіздерге көп рахмет. Елді, жақындарымды қатты сағындым. Ол жақтың тамағы ұнамады, етті қатты сағындым. Шынымды айтсам қатты шаршадым. Енді үйде аман жетіп, жақындарыммен қауышып отырмын.
Белгілі болғаны банктердің бірі жеңімпазға тағы 3 млн теңге берсе, мемлекеттен әлі көк тиын алған жоқ. Өйткені паралимпиадашыларға берілетін сыйақы мөлшері әлі нақтыланбай жатыр. Егер дені сау мен мүгедек чемпиондарға үлестірілетін қаржы көлемі теңестірілсе, Габидуллинна 50 мың емес, 250 мың доллар алмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!