Елімізде көлікті тіркетудің жеңілдеуі сол екен, машина іздегендер Астанаға лап қойды
Елімізде көлікті тіркету жеңілдеді! Қағазбастылықты жойған Ішкі істер министрлігі жаңадан сатып алған көлікке кез-келген аймақта тұрып нөмер алуға рұқсат етіп отыр. Ол үшін облыстық немесе аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығына құжат тапсырсаңыз болғаны. Яғни, Ақтөбеден кеп Астанадан темір тұлпар сатып алсаңыз, мемлекеттік нөмірін Елордадан алып кетуге болады.
Автор: Жәудір Оразхан
26.09.2016
Нұрсұлтан Елордадан 200 шақырым жерде орналасқан Атбасарда тұрады. Астанаға жеке шаруаларымен келген ол күтпеген жерден сәті түсіп үйіне көлік мініп барады. Сөйтіп, Нұрсұлтан бүгіннен бастап күшіне енген жаңа ереже бойынша темір тұлпарын тіркетіп, Халыққа қызмет көрсету орталығынан транзиттік емес, тұрақты нөмерді бір-ақ алды.
Нұрсұлтан Оразалин, Атбасар қаласының тұрғыны:
-Нөмерді міне бүгін таңғы 7-ден келіп, кезекте тұрып алдым.Уақытты үнемдейсің.Бұрын Есіл қаласына баруға уақыт кететін.
Міне, Нұрсұлтан санаулы сағатта алған нөмерін көлігіне тағып, Атбасарға жолға шыққалы тұр. Енді тұрғылықты мекен-жайына барып темір тұлпар үшін бір тілім де, құжат жинаудың қажеті жоқ. Дәл сол сияқты Астанада кез-келген ауыл, аудан, қаланың тұрғындары көлігін тіркей алады.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
-Егер сіз Қызылорда қаласында тұрасыз. Бірақ Астана қаласына келіп көлік алатын болсаңыз, сізге бұрынғыдай транзит алудың қажеті жоқ. Яғни , сіз дереу осы Астана қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына автокөлігіңізді тіркеп, ары қарай өз жұмыстарыңызбен кете аласыз.
Жаңа ереже көлікті тіркеу үшін транзиттік шығынды да айтарлықтай қысқартады екен. Мәселен, Нұржан бірнеше жыл бұрын мына көлігін Астанада сатып алып, Шымкентке барып тіркепті.
Нұржан Әбілдаев, Астана қаласының тұрғыны:
-Машинамен бару керек міндетті түрде. Мысалы, жолға жанармайға 25 мыңдай кетсе, өзің тамақ жейсің, ары-бері 40 шамалап қалады ғой, одан асып кетуі де мүмкін.
Жаңа ережені естіген жұрт Елордадағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына ағылуда. Сәйкесінше, мұнда көлікке нөмер алу үшін кезек күткендердің де қатары артатыны анық. Өйткені қазір Астанада жұмыс іздеп аймақтардан келгендердің саны өте көп.
Ал көлікті тіркеу құны өзгермеген. Бұрынғыдай нөмерге 9 мың теңге көлемінде қаржы кетеді. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін алу тәртібін де жеңілдетіп отыр. Енді тұрғылықты мекен жайыңызға қарамастан, Қазақстанның кез-келген қаласында құжатты ауыстыруға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!