ОҚО-да полициядан үміті үзілген жұрт жоғалған малын өздері іздеуге кірісті
Оңтүстік Қазақстанда барымташылар жұртты мүлдем жылқысыз қалдырғалы тұр. Түлкібас ауданына қарасты аядай ғана Абай ауылынан 3 ай ішінде жүзден астам Қамбар ата төлі ұрланыпты. Жайылымда жүргенін де, қорадағысын да айдап әкете беретін әккі ұрыларды полицейлер ұстай алмай жатыр. Тауы шағылған жұрт балгер мен көріпкелдердің сөзіне сеніп, жоқ іздеуге өздері кіріскен.
Автор: Бек Әбиев
27.09.2016
Қара шаңырақта 7 бауырының тірнектеп жиған 18 жықысын бағып отырған Қайрат бір түнде соның бәрінен айрылған. Шаруа енді даңғарадай қорада жалғыз бұзаулы сиырдың бетіне қарап қалды.
Қайрат Орынбаев, Абай ауылының тұрғыны:
- Міне, сарайдың бәрі бос! Бір бұзау бар. Бір бұзаумен қалай қыстан шығамыз ?! Күн көріс өте қиын болайын деп тұр.
Абай ауылында жайылымға шығарған жылқыларын ұрылар үйірімен айдап, тіпті қорада байлаулы тұрған тұлпарды да қоймауда. Әрі байлардың емес, қара халықтың жылқысы ғана кетіп жатыр екен. Соңғы үш ай ішінде жүзден астам жылқысынан айрылған Абай ауылында қыркүйек басталғалы қырық бас мал жоғалыпты.
- Жер жұтып жатыр ма? Бір адам көрдім-білдім деген жоқ. Сарайға апарып артып әкетіп жатыр ма? Ешкім білмейді.
Тұрғындар қазір әр өңірдің мал базарларын өздері тексеріп сандалып жүр. Жоқ іздеген олардың бармаған балгері де қалмаған. Полицейлерге арыз жазғанымен неше айдан бері бір нәтиже шығармаған олардан көріпкелдердің қызметін артық көреді.
Әділ Жақсыбаев, Абай ауылының тұрғыны:
-Шындығын айту керек, полиция келеді, тіркейді. Одан кейін жоқ. Полицияны ешкім көрмейді қайтып. Өйткені, осындай ғылым мен техниканың дамыған заманында полиция бір ұрыны да ұстамауы мүмкін емес шығар. Мысалы, қырдағы жүрген малға біз жауап бермейміз дейді қояды.
Полицейлер расында да малдың жоғалғанына халықтың өзін кінәләйді. Тіпті, ұрлатқан соң бірнеше күннен кейін келеді екен арыздануға. Одан қалса жылқылардың құжаттарының жоқтығы іздеуде қосымша қиындық туғызады дейді. Дегенмен арнайы құрылған екі топ тоқтаусыз мал базарларын тексеріп жүр екен.
Мұрат Әбілханұлы, Түлкібас аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы:
-Барлық автокөліктерді тексеріп жатырмыз. Жүген, ер тоқым, ер саймандар бар ма, соны қарап тексерудеміз.
Полицейлер ауыл жылқысын бағып жүрген малшыларды да сұрақ-жауапқа алмақшы. Бірақ, ешқандай келісім-шартсыз жұмыс жасаған оларды жауапкершілікке тарту қиын. Ал, жұрт болса мылтыққа дейін сайлап, өз күзетін өздері күшейтіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!