Президент келер алдында жанталасқан қызылордалық шенеуніктердің көзбояушылығы жұрттың ашуын келтірді
Қызылордалық шенеуніктердің көзбояушылығында шек жоқ. Президенттің сапары қарсаңында жергілікті атқамінерлер шаһардың кемшіл тұстарын жасырып әлек. Тек жақсы қырынан көрінуді қалайтын олар құлағалы тұрған үйлердің сыртын жартылай бояп, жол бойындағы ескі ауылды мүлдем қоршап тастапты. Қазір көше жақ беті бүтінделгенмен, іші адам шошырлық.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.09.2016
Қызылорда шетіндегі бұл үйлерді көрсең күлкің келеді. Сыртын жалқау жұмысшылар сырлап кеткендей кейіпте. Үйлердің тек көше жақ бетіндегі бір қабырғасын бояп кеткен. Сөйтсек, президентті қарсы алуға асыққан шенеуніктер құрылысшыларға көзге қораш көрінетін нысандарды жылтыратып қоюды тапсырыпты. Осылайша сырты бүтінделгенмен үйлердің қабырғалары сөгіліп, төбесі құлағалы тұр. Бірақ оған атқамінерлердің бас қатырғысы жоқ.
Кәмила Жолаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:
-Президент келеді деп апыл-ғұпыл жөндеп жатыр. Артын көрдіңіздердерші. Елді алдап отыр ғой. Көзбояушылық дейді мұны. Істей ме бәрін істесін бастан-аяқ. Істемесе қою керек.
Қызылорда сапары барысында президентті Титов қыстағы маңындағы әйнек зауытына апару жоспарланған екен. Енді жолай сұрқы қашқан ауылды мәртебелі мейманға көрсетпеуге үшін әкім-қаралар барын салып жатыр. Ол үшін тіпті ауылды қаңылтыр дуалмен қоршап тастаған.
Жаршыбек Алдабергенов, Қызылорда қаласының тұрғыны:
-Асфальт жоқ,көшенің сиқы мынау. Үйлер дұрыс түспеген. Сол президенттің көзіне түспесін деген ғой. Апат көп болады мына жерде. Бұның алдын-алатын ешкім жоқ.
Жаманын жасыруға жаныққан жергілікті әкімдіктегілер тілшілерге де бұл қылықтарын түсіндіретін уақыт таппады. Жұрттың уәжіне тіпті құлақ асқылары да жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!