Астанада Матаевқа тиесілі Журналистер үйі тәркіленуі мүмкін
Әкелі-балалы Матаевтардың жиған байлығы түгел тәркіленіп, өздері түрмеге жабылуы мүмкін. Бүгін прокурорлар Қазақстан журналистер одағының басшысы Сейітқазы Матаевты 6 жыл 8 айға, ал оның ұлы, еліміздегі ең ірі ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаевты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Автор: Жәудір Оразхан
27.09.2016
Мемлекеттік айыптаушылар Сейітқазы Матаевқа мол табыс әкеліп отырған Астанадағы Журналистер үйін де тәркілеуді ұсынды. Үкімет пен Парламент сияқты нағыз әкімшілік орталыққа жапсарлас орналасқан Есілдің сол жағалауындағы көпқабатты ғимаратта бірнеше танымал республикалық телеарна, ақпарат агенттіктері мен газет-журналдардың редакциясы бар. Тілшілер жайғасқан сол ғимарат тәркіленсе, ол Қаржы министрлігіне өтіп, кейін аукцион арқылы сатылымға шығарылуы тиіс. Сонымен қатар прокурорлар Журналистер одағының басшысына тиесілі Астана мен Алматыдағы жер учаскелері мен пәтерлерді, бос тұрған нысандарды және бірнеше қымбат көліктерін тартып алуды да сұрады. Айта кетсек, әкелі-балалы Матаевтарға алаяқтық жасады, 245 миллион теңге салық төлеуден жалтарды деген айып тағылуда. Тергеу материалдарына қарағанда, олар 300 миллион теңгені қалталарына басқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!