«Анаға апарар жол» жаңа фильмі көрермендердің көзіне жас үйірді
«Анаға апарар жол» көрерменге жол тартты. Баласын зарыға күткен ананы бейнелей отырып, қазақ халқының бастан кешкен қиын тағдырын қоса суреттеген фильм шекара асып, Ресейде де түсірілген. Ақан Сатаевтың жаңа туындысын алғаш тамашалағандар көздеріне жас алды.
Автор: Ербол Тұрымбет
28.09.2016
Бір ананың басындағы қайғы – түгел бір халықтың қасіреті. Қиын жылдарды өткеріп, енді еңсе жия бергенде зұлмат соғысқа тап болып, баласын аттандырған ана. Бұл сол кездегі КСРО-дағы барлық халықтардың басындағы жағдай еді.
-Апам қалай, аман ба?
-Апаң аман-есен.
-Күт мені, мен оралам.
-Ілияс, біз осындамыз.
Қимастық, сезім, анаға құрмет – бәрі бар. Ана тақырыбы дегенде осы фильмнің түсіріліп, жарыққа шығуына Әлия Нұрсұлтанқызы бас болып кіріскен екен.
Әлия Назарбаева, фильмнің бас продюсері:
-Осында келіп отырған барлық балаларға айтарым, аналарыңа бір бұрылып, күлімдеп, құшақтап қойсаңдар. Өйткені, бұл фильм аналарымызға арналған. Арасында көзге жас келтіретін жан тебірентерлік тұстары көп. Осындай көркем дүние жасаған түсірілім тобына алғысым шексіз.
Ал алғашқы көрсетілімін тамашалаған жұрттың көңілі толқулы. Жастар жағы көздеріне жас алғандарын жасырмады. Үлкендер ұстамды болғанымен, талайлы тағдырымыздың фильмде бейнеленгеніне риза.
-Ана деген қай уақытта да өмір бойы күтуге дайын ғой баласын.
-Енді бұрынғы айтылмаған, көрсетілмеген, әсіресе мына қазақтардың соғысқа қалай қатысқаны, Сталин тұсындағы репрессия – бәрі шынайы көрсетілген.
Режиссер Ақан Сатаев үшін бұл фильм өзге туындыларынан ерекше. Өйткені, оның негізгі идеясын бала күнінде ата-анасы айтып берген екен.
Ақан Сатаев, фильм авторы:
-Бұл сценарийдің идеясының ең бастапқы түрткі болғаны, ата-анамның маған айтып берген бір кішігірім әңгімесі. Енді мінекей, Аллаға шүкір, сол кішігірім әңгімеден үлкен кинотуынды пайда болды.
Ана – мәңгілік ұлы есім. Қартайғанша баласын зарыға күту бұл ана ұлылығының бір парасы ғана. Жаңа туынды енді еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!