{metadescription}
Оралда жылу маусымы басталмай жатып оған қатысты дүрбелең туды
Оралда жылу маусымы басталмай жатып оған қатысты дүрбелең туды

Оралда жылу маусымы басталмай жатып оған қатысты дүрбелең туды

Жылу ақысын уақытылы төлемеген жұрттың осы коммуналдық қызмет үшін қарызы 400 миллионға жеткен. Тіпті, «ЖайықЖылуЭнергоның» өзі дегаз тасымалдаушы компанияға қыруар ақша берешек. Бұл мәселе дер кезінде шешілмесе, жұрттың жылусыз қалуы мүмкін. Сондықтан уақытылы ақша төлемегендер енді шетінен жауапқа тартылып жатыр.

Жылу маусымы жақындаған тұста құтқарушылар жұмысқа білек сыбана кіріскен. Олар үйлерді аралап, қауіпсіздік ережелері жазылған қағаз таратып жүр. Әрі коммуналдық ақыны төлемегендерді тексеруде. Бірақ оларды жылы шыраймен қарсы алып жатқан тұрғындар жоқ.

Анатолий Котов, Орал қаласының тұрғыны:

- Жарыққа уақытылы төлеймін. Ал жылуға ақша жетпейді. Бұл – әжемнен қалған пәтер. Сондықтан мен көшіп келгенге дейін де қыруар қарыз жиналып қалған. Оны төлеуге шамам жетпейді.

Осылай, жылу ақысын төлеуден жалтаратындар көп. Қазір тұрғындардың жылу электр орталығына жалпы қарызы 400 миллионға жеткен. Оның ішінде бір тұрғынның берешегі 917 мыңды құрап, рекорд орнатыпты. Ал бұл ретте жұрт тарифтың тым қымбаттығын алға тартуда.

Наталья Ковалева, Орал қаласының тұрғыны:

- 3 бөлмелі пәтердің жылу ақысы 25 мыңнан бір шығады. Ал менің күйеуім үшінші топтағы мүгедек. Екеуміз де зейнеткерміз. Ақшаны дәріге жеткіземіз бе, жылуға төлейміз бе?!

Тіпті мұндағы жылу электр орталығының қарызы да шаш етектен. Газ тасымалдаушы компания «ЖайықЖылуЭнергоны» 6 рет сотқа беріпті. Бірақ сонда да жылумен қамтамасыз етіп келген. Енді, мекеме қарашаға дейін 248 миллион қарызды қайтармаса, газ мүлдем берілмей қалуы мүмкін.

Мұрат Бәйменов, «ЖайықЖылуЭнерго» АҚ бас директоры:

 -Мен «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамын түсініп отырмын. Олар бірінші кезекте өздеріне газ жеткізетін компанияларға қарыз. Ал «ЖайықЖылуЭнерго» стратегиялық нысан болып есептеледі. Сондықтан бізде қосымша мазут бар. Ол әрі кетсе екі күнге жетеді.

Ал жылу электр орталығы ақша төлемеген тұрғындарды сотқа беруге мәжбүр. Енді, коммуналдық ақыны төлеуден ат тонын ала қашқандардың мүліктері тәркіленбек. Себебі тек қарызға белшеден батқан пәтерлерді ғана жылудан ажырату техникалық тұрғыдан мүмкін емес екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде