Елімізде шетелдік фильмдерді мемлекеттік тілге аудару заңмен міндеттелгелі жатыр
Кино да қазақша сөйлеуі тиіс! Елімізде шетелдік фильмдерді мемлекеттік тілге аудару заңмен міндеттелгелі жатыр. Бүгін қолданыстағы құжатты қайта қарауға кіріскен депутаттар осындай бастама көтерді. Бір қызығы,бұндай талап 2012 жылдан бері бар болып шықты. Алайда, оны ешкім пысқырмай келген.
Автор: Ербол Сейілхан
29.09.2016
Өзгерісті Парламент мақұлдаса, 2017 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Қазақстанға әкелінген шетелік фильмдер тұтас қазақша тәржімалануы міндетті. Дәлірек айтқанда, дубляждалуы не субтитрмен, болмаса кадрдан тыс аударылуы керек. Дубляжға көп шығын кететіндіктен кинотеатрлар киноны орыс тілінде көрсетуді әдетке айналдырған. Бұл өз кезегінде ресми тілді түсінбейтін, қазақ тілді көрерменнің құқығын бұзып отыр дейді депутаттар. Қымбат прокатқа миллиондап ақша жұмсайтын кинотеатр қожайындары қазақша аудармаға селқос қарайтыны жасырын емес. Сондықтан олар субтитрмен берілетін аударманы қалап отыр. Өйткені бұл дубляждан көрі әлдеқайда арзан. Түзету енгізіліп жатқан заңға сәйкес, отандық телеарналардан да шетелдік туындыны мемлекеттік тілге міндетті түрде аудару талап етілмек.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
-2-3 ақ фильм аударылуы мүмкін. Өз еркімен істеуі мүмкін. Қалай аударады, қаржыны қайдан табады өздерінің шаруасы. Мемлекеттік тіл -қазақ тілі емес пе? Орындасын талапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!