Теңгенің нығаюы уақытша құбылыс па? Отандық экономистердің болжамы
Теңгенің құны қайта көтеріле бастады. Бүгін ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 335-ке жетті. Бұған қоса мұнай да қымбаттап отыр. «Брент» маркалы қара алтынның баррелі 48 доллардан асып, 6 пайызға көтерілген. Өйткені, ОПЕК-ке мүше мемлекеттер мұнай өндірісін тәулігіне 700 мың баррельге дейін қысқартпақ. Онда баға бұдан да жоғарылауы мүмкін. «Қара алтынның» көтерілуі Қазақстанға тиімді болғанымен, есесіне тауар құны қымбаттауы әбден мүмкін.
Автор: Жәудір Оразхан
29.09.2016
Үкімет теңгені еркін айналымға жібергелі ұлттық валютаның құны үш есеге құлдырады. Сондықтан қазір жұрттың валюта ауыстыру орындарындағы өзгеріске көзі үйренген. Бүгін теңгенің АҚШ ақшасына шаққандағы бағамы 335 жеткенде де ешкім аса мән бермеді. Сарапшылар болса, теңгенің бұлай қайта нығаюын Ұлттық банк жүргізіп жатқан дедолларизациямен байланыстырып отыр.
Жангелді Шымшықов, сарапшы:
-Өйткені бұрын теңгені сен банкке депозитке салсаң қанша пайыз алушы едің? 3-5 пайыз. Ал қазір 10-14 пайыз мысалы беретін банктер бар. Егерде дедолларизация толық жасайтын болсақ, теңгенің мұнайға қатысы болмайды.
Оның үстіне «ОПЕК ұйымына мүше мемлекеттердің мұнай өндіруге шектеу қою туралы келісімге келді» деген ақпарат тарай салысымен, бүгін Брент маркалы қара алтын да 48 доллардан асып, 6 пайызға қымбаттап отыр. Яғни, тәулігіне 33 миллион баррель мұнай шығаратын ОПЕК өндірісті 700 мың баррельге дейін қысқартпақ. Әзірге мұнай экспорттайтын елдер өзара ауызша келіскен. Алайда, қараша айының соңында Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Алжир сынды 13 елдің басшылары Венаға жиналып нақты шешім шығармақ. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, ұйымға мүше елдердің мұндай шектеуді бірауыздан қолдауы екі талай.
Жангелді Шымшықов, сарапшы:
-Әсіресе, Иран. Иран тәулігіне 4 миллион баррель шығаратын деңгейге көтерілеміз деп әрекет жасап жатыр. Қанша олар Иранды азғырып, үгіттегенімен әркімнің өз мүддесі өзінікі.
Ал, шектеуге бірінші Алжир келісіп отыр. Өйткені, мұнда кен орындарының таусылуына байланысты өндіріс көлемі төмендеп кеткен. Ал Қазақстан керісінше, қазан айынан Қашаған кен орны іске қосып, мұнай өңдеуді 75 миллионнан астам баррельге жеткізуді жоспарлап отыр. Сондықтан, ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін шектеп, әлемдік нарықтағы қара алтынның қымбататуы біз үшін өте тиімді.
Тұрсынбек Өмірзақов, экономист:
-Біздің экономикаға ол жақсы әсер етеді. Бюджет қызметкерлеріне , зейнеткерлерге ақша түседі. Басқа зауыттар ашамыз, экономикамызды көтереміз.. Біз көп әлеуметтік бағдарламаларды азайттық, біз оны қайта жаңғыртамыз. Ауыл шаруашылығын көтеруге болады.
Мұнай қымбаттай берсе, бірінші кезекте бюджеттің түсімі артып, жұрттың табысы өседі. Дегенмен, сәйкесінше, көлік, баспана, мен тұрмыстық техниканың бағасы көтерілуі мүмкін. Ал, шетел экономистері ОПЕК мұнай өндіруді шектейтініне сенімді. Сөйтіп, келесі жылы 53 долларға дейін қымбаттауы ғажап емес. Қазақстан экономикасы «қара алтын» құнына тікелей байланысты болғандықтан, Үкіметтің алдағы жылдардың бюджетін де қайта есептеуіне тура келетін сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!