Қапшағайда сарбазды ұрып өлтірген командир қамауға алынды
Әскери бөлімде тағы адам өлімі! Алматы облысы Қапшағай қаласындағы №32-363 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан Нұрлан Оразғалиев төбелестің салдарынан көз жұмған. Кіші сержантпен сөзге келіп, оның ақыры екеуара жанжалға ұласыпты. Сержанттың жұдырық жұмсауы сол екен, 20 жастағы сарбаз ес-түссіз құлап, ауруханаға жеткізіліп, сонда көз жұмған. Қазір оқиғаның мән-жайын еліміздің Бас әскери прокуратурасы тексеріп жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.09.2016
Қапшағайдағы қайғылы оқиға болған әскери бөлім күнделікті жұмысын сол қалпы жалғастырып жатыр. Бірақ, маңайлау мүмкін емес. Тілшілерді көрген қарауылдар жандарына жолатпайды. Қаза болған сарбаз – Нұрлан Оразғалиев небары 20 жаста болған екен. Әскер қатарына былтыр күзде Астана қаласынан шақыртылған. Онымен түйдей құрдас кіші сержант Жантөре Рамадин екеуі осы бөлімде қызмет еткен. Араларындағы кикілжіңнің қалай болғанын әскери прокуратура өкілі былай түсіндірді.
Жеңіс Темеков, Бас әскери прокуратураның ресми өкілі:
-Әскери бөлім аумағында шаруашылық жұмыстарын жүргізу барысында Оразғалиев пен бөлімше командирінің арасында қақтығыс болып, Оразғалиевтің бет тұсынан соққы жасаған. Нәтижесінде Оразғалиев ес-түссіз қалған.
Ес-түссіз қалған Оразғалиевті Қапшағай қаласының ауруханасына жеткізгенімен, жас жігіт сол күйі тіл тартпай кетіпті. Бірақ, дауды бастаған да марқұм жігіттің өзі дейді прокурорлар. Ол сержанттың тапсырмасын орындамай, оған қарсы шыққан көрінеді.
Жеңіс Темеков, Бас әскери прокуратураның ресми өкілі:
-Әскери қызметшілердің арасындағы жанжалдың барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық істің тергеуі Бас әскери прокуратураның бақылауында.
Ал кісі өліміне себепші кіші сержант, взвод командирі Жантөре Рамадин Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының тумасы. Ол кеше оқиғадан соң дереу қамауға алыныпты.
Мұндағы сардарлар сарбаздарымен қоса қайғылы оқиға жөнінде айтып беруден түбегейлі бас тартты. Адам өлімі болған әскери бөлімшеде қазір қалыпты тіршілік қайтадан орнаған. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 440-бабы, яғни, әскерилер арасындағы тәртіп ережелерінің бұзылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!