Прокурорларды ұшақ билетін еселеп көтерген әуе компанияларының ашкөздігі шошытты
Әуе тасымалындағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Бұл салада әсіресе қатынас құнына қатысты сұрақ көп. Жыл басынан бері елімізде ұшақ билетінің бағасы бақандай 40 пайызға қымбаттапты. Тіпті, кейбір бағыттарда ұшу құны 77 пайызға дейін өскен.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
30.09.2016
Олқылық бұл ғана емес. Мәселен, тасымалдаушылар көрсетілмеген қызмет ақысын қайтарып беруден жалтарады екен. Кейбір компаниялар рейске 1 сағат қалғанда билет құнының жартысын қайтармай, заң бұзуда. Бұған қоса, жүктердің жоғалу оқиғалары жиілеп кетіпті. Биылдың өзінде мұндай жағдайға 800 жолаушы тап болған. Әуе рейстерінің сағаттап кешігуі де жұртты әбден мезі қылды. Бұған бірден-бір себеп, қосымша ұшақтардың жоқтығы. Негізі, заң бойынша, әуе компанияларында қосымша ұшақ болуы тиіс. Енді мұндай заңсыздықтар үшін прокурорлар шара қолданбақ. Ал әуе билеттерінің қымбаттау себебін қазір монополияға қарсы мекеме тексеруде. Бұған қоса, ұшақта сойқан салатын жолаушыларды тасымалдауға заңмен тыйым салынуы мүмкін. Себебі, даукес жолаушылар әуеде тек өзіне емес, өзгенің өміріне де қауіп төндіреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!