Қызқұмар офицерді түрмеге жаптырып тынған Слекишина енді мемлекеттен өтемақы талап етпек
Тергеу қапасында қыз зорлаған түрме қызметкерінің өзі біраз жылын темір торда өткізетін болды. Бүгін Алматы соты «зорлау», «азаптау», «қызметін асыра пайдалану» баптары бойынша кінәлі деп танылған атышулы Руслан Хакимовке 9 жыл үкім кесті. Майор шенінен де айырылған ол өмір бойына мемлекеттік қызметке жоламауы тиіс. Жәбірленуші бұл үкімге риза. Бірақ Хакимовтың 3 сыбайласын да жазаға тартқызбай қоймаймын деген Наталья Слекишина осы іс барысында қандай қысым көргенін, тіпті аты-жөндеріне дейін тілшілерге өз аузымен айтып берді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
30.09.2016
Бұл процесске жәбірленуші ретінде қатысқан Наталья Слекишина бұған дейін өзін тергеу қапасында түрменің төрт қызметкерінің жабылып зорлағанын мәлімдеген. Алайда осы іс бойынша сотта солардың біреуі айыпталушы орындығына отырды. Ол – Руслан Хакимов. Себебі, оның абақтыда туылған баланың әкесі екені анықталған. Хакимов соңына дейін айыбын мойындамаса да, судья бүгін оны кінәлі деп таныды.
Айсара Жылқыбаева, судья:
-Руслан Хакимов 9 жылға бас бостандығынан айырылсын. Ол жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді. Сот үкімі бойынша, қылмыскердің атындағы мүліктер де тәркіленеді.
Бұған қоса, қылмыскер майор атағынан айырылды. Өмір бойына мемлекеттік қызметтен де шеттетілді. Ал Хакимовтен еріксіз қыз туған Слекишина енді одан алимент талап етпек. Бүгін сотта қызқұмар офицерді түсіруге тыйым салынғанымен, Слекишинамен тілдесудің сәті түсті. Айтуынша, қапаста көрген қорлығы өз алдына, осы істі тергеу барысында да қысымнан көз ашпапты. Тіпті, бірқатар шендінің аты-жөнін жіпке тізді.
Наталья Слекишина, жәбірленуші:
-Мені адвокатыммен қатар жазған арызымнан күштеп отырып бас тартуға мәжбүрледі. Қорқытқан түрме бастығы, аты – Манас. Сосын Омарбеков, Мұқашев. Бұлар Си- 18 изоляторының қызметкерлері.
Қызды-қыздымен келіншек зорлық көрген жалғыз мен емес деп салды. Күзетшісі бар, басшысы бар темір торға түскен түрі келісті әйелдердің барлығы зәбір көріп жатыр дейді Слекишина. Тек қорқып қалғандары сонша, оны ашып айтуға ешкімнің батылы бармайды екен.
-Зорланған жалғыз мен емеспін. Көп. Аттарын айта алмаймын. Талай қыз жылап жүр.
Соған қарағанда, бұл абақтыда әлі талай былықтың беті ашылатын сыңайлы. Түрмеге қайтып барудан Слекишинаның өзі де қорқып қалған. Наталья бұл процессте жәбірленуші болғанымен, өзі де кесілген 8 жыл жазасын өтеп жатыр. Яғни, азаматтық некедегі күйеуінің үйіне қарақшылық шабуыл жасағаны үшін істі болған. Енді темір торда балалы болған келіншек сотқа жазасын өтеуді кейінге қалдыру туралы өтініш беріп отыр. Бұған қоса, ол түрмедегі қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін мемлекетке қарсы шағым түсірмек. Сөйтіп, көрген қорлығының өтеуін өндіріп аламын дейді.
Ал, Слекишина өзін зорлады деп айыптаған тағы 3 адамның кінәсін тергеушілер дәлелдей алмаған. Сондықтан олар сотқа тек куәгер ретінде қатысқан болатын. Бірақ жәбірленуші тарап жалғыз Хакимовты соттаумен істің бітпейтінін кесіп айтты. Сондықтан, олар енді әлгі үшеуді де жазалату үшін әрекет жасамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!