Ақтөбеде тойларды шулататын асабалар «Найнти уанды» ақыры Ақтөбеге кіргізбеді
Ақтөбеде жергілікті өнерпаздар қарсы шыққан «Найнти уан» тобының концерті ақыры болмай қалды. Бұған қыруар ақшаға билет алған жанкүйерлер өкпелі. Ал ұйымдастырушылар болса жігіттердің госторольдік сапарын тоқтатуға мәжбүр болғандарын айтады. Өйткені түрлі мекемелерден хабарласып, қысым көрсеткен.
Автор: Жаңалық Ахаш
03.10.2016
Бұл кассаның алды таңнан бері босаған жоқ. Жұрт мұнда билет алуға емес, керсінше тапсыру үшін топырлап келіп жатыр. Өйткені, шашын бояп, сырға таққан сылқым жігіттердің Ақтөбеге келмейтіні концертке бір күн қалғанда белгілі болған. Ұйымдастырушылар қаладағы барлық залдар бас тартты деп отыр. Онымен қоса жан-жақтан хабарласып, қысым көрсеткендер көбейіпті.
Мира Әбуова, ұйымдастырушы:
-Концертті болдырмау үшін хабарласпаған адам қалмады. Алдын ала ақшасын төлеп қойған Спорт сарайы да, клубтар да бас тарты. Ұйымдастырушы ретінде топтың гонорарын, тұратын орындарына дейін ақшасын төлеп қойған едім.
«Найнти уанның» Ақтөбеге келуіне алдымен жергілікті ақын-жыршылар мен асабалар қарсы болған еді. Олар әкімдіктен бастап, билік партиясына дейін шағымданған. Дегенмен, шенеуніктер топтың гостроліне еш қысым көрсетпедік деп ат-тоныны ала қашып отыр. Ал «Нұр Отандағылар» көрермендердің қауіпсіздігі үшін алаңдағандарын айтады.
Ақылбек Сахиев, «Нұр Отан» ХДП АОФ бөлім меңгерушісі:
-Ахуалдың ушықпағанын қолдаймыз. Мынау қаншама мыңға жуық адамды залға жинап қойып, бір ғана басбұзар шатақ шығарып жатса, бейбіт тұрғындар зардап шегетінін ескере отырып біз ұйымдастырушыларға мәселені бейбіт түрде шешілуін жан-жақты қарастыруын сұрадым.
Атышулы топ жанкүйерлерінің дені жасөспірімдер. Көптеген ата-ана баласының көңілі үшін бір ай бұрын билет алған екен.
Ханшайым Нұрдәулетова, Ақтөбе облысының тұрғыны:
-Мен ауылдан келдім немеремді алып. Қарсы болмау керек. Қандай киіммен келсе де. Ол балалар, жас балалар. Мен қарсымын оны жібермегені үшін. Жіберсін. Бәрі көрсін.
Қазір билеттер кері қайтарылып жатыр. «Найнти уанның» ақтөбелік табынушылары енді олардың өнерін тек теледидардан, не ғаламтордан тамашаламақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!