Алматыда өршіген аллергия тұрғындарды естен тандырып жатыр
Алматыда аллергия дендеп тұр! Бұл ауруға шалдыққандар, әсіресе, биыл көбейіп жатыр екен. Осылай деп дабыл қаққан ақ халаттылар тітіркендіргіш аурудың басқа емес, ауадан болып жатқанын айтуда. Яғни, көліктерден тарайтын улы газдың мөлшері шамадан тыс асып кеткен. Салдарынан бұрын-соңды аллергиямен ауырмаған адамдардың өздері ауруханадан бір-ақ шығуда.
Автор: Аруна Ортай
04.10.2016
Әлия өмірінде бірінші рет аллергиямен бетпе-бет келіп отыр. Қыздың көзі мен мұрны тоқтаусыз қыши берген. Бойжеткен бастапқыда бұл салқын тигеннің белгісі деп ойлап, онша мән бермепті. Алайда, ауру қоза түсіп, артынша ауруханадан бір-ақ шыққан.
Әлия Жамарова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Қалай басталғанын өзім байқамадым. Басында тұмау деп ойладым. Кейін асқынды.
Енді Әлия үнемі аллергиядан емделіп жүруі керек. Ақ халаттылар жалғыз ол емес, тағы мыңдаған алматылықтың ойда-жоқта осы ауруға ұшырағанын айтады. Ал қоздырғышты таратып жатқан – көшедегі көліктерден шыққан газ.
Элеонора Старцева, аллерголог-дәрігер:
-Алматыда ауа әбден ластанған. Соңғы жылдары көліктеродан сайын көбейіп жатыр. Қарап отырсаңыз, бір ғана отбасыда бірнеше көлік бар. Яғни, тұрғындардың 70 пайызы жеке машинамен жүреді деген сөз. Соның салдарынан ауаның құрамы түрлі зиянды газдарға толуда.
Көліктерден тарайтын көк түтін Алматыны бұрын да тұмшалап келген. Бірақ биыл оның мөлшері шамадан тыс артыпты. Соның салдарынан ауа ластана түсіп, ал ондағы қоздырғыштар адамдарға жабысып жатыр. Дәрігерлер дерттің тіпті түрленіп кеткенін айтады. Сондықтан тұрғындардың көбі оны тұмаумен шатастырады екен.
-Алматыдағы Президент саябағы. Айналаның бәрі жайқалған тек жасыл желек. Бірақ мұнда жасырылған бірдеңе бар. Құны 12 миллион теңге тұратын құпия құрылғы. Удай қымбат аппарат сіз бен біз жұтып жатқан ауаның құрамын күндіз-түні тынбастан тексеріп отырады.
Жанармайдан бөлінетін зиянды газдан бөлек, ауада шаң-тозаңның да көбейгенін осы аппарат көрсетіп отыр. Ауаға алаңдаған мамандар оның бірнешеуін қаланың әр ауданына орнатып қойыпты.
Руслан Сұлтанбеков, «Қазгидромет» РМК инженер-экологы:
- Кірлеген жағдайда бізге ғаламтор жүйесі арқылы «Қазгидромет» орталығына келіп түседі. Біз сол қай ауданда болды сол жақа барамыз, не себептен болғанын бәрін бақылаймыз, білеміз.
Бірақ әзірге ауаны ластап, жауапкершілікке тартылғандар жоқ екен. Тіпті, күн санап көбейген көліктерге де «қой» деп жатқан ешкім жоқ. Сол себепті де ауруды емдегеннен артық дәрмені жоқ дәрігерлер Алматының ауасынан кейін міндетті түрде тауға шығу қажет дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары