Назарбаев пен Путин тұралаған сауда-саттықты арттыруға өздері кірісті
Себебі, одақтас оның үстіне шекаралас қос мемлекеттің арасындағы алыс-беріс 30 пайызға құлдырап кеткен. Сондықтан шаруаны реттеуге мемлекет басшыларының кірісуіне тура келді. Бүгін Астанаға жұмыс сапарымен келген Ресей президенті Владимир Путин әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевпен орыс-қазақ шекаралас аймақтарының форумына қатысып, сауда-саттықтың төмендеуінің негізгі себептерін атады.
Автор: Ербол Сейілхан
04.10.2016
Қазақтың байырғы астанасы - Орынборға іссапармен барып қайтар жолда Ресей президентінің ұшағы түнделетіп Астанаға қонды. Путин де өзін көп күттірмей лайнерден түскен бойда мәскеулік нөмірі бар лимузинге беттеді. Басшысының жанына Ресейдің еліміздегі елшісі де жайғаса кетті. Соған қарағанда, Михаил Бочарников жол-жөнекей Путинге Қазақстандағы жағдайды әңгімелеп барғаны анық. Ал таңда сарайына жеткен әріптесін Назарбаев есік аузынан күтіп алып, содан кейін ресми келіссөздер басталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Губернаторлардың барлығы осында. Бір-бірімен сөйлесіп байланыс орнатып жатыр. Бұл одақтас мемлекеттердің бір-біріне деген зор сенімін білдіреді. Владимир Владимирович, осы қатынастарды жандандыруға қосқан үлесіңіз үшін рақметімді айтамын.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
-Ресей компаниялары тауарын жеткізіп жатыр. Қазақстаннан да келіп жатыр бізге. Мені қуантқаны оның ішінде жоғары технология көп.
Ақордадан соң Назарбаев пен Путин қос мемлекеттің мыңға тарта белгілі кәсіпкерлерімен кездесіп,арадағы түйткілдерді ашық талқылады. Өйткені, Қазақстан Ресей арасындағы сауда-саттықтың 70 пайызы шекаралас аймақтарға тиесілі. Бірақ, біз сияқты экономикасы мұнайға тәуелді Мәскеудің Батыстың санкциясына ілінуі, валютасының құлдырауы алыс-берісті 30 пайызға кемітіп жіберген. Одан қалды, «одақтаспыз, шекарамыз айқара ашық» делінгенімен облыстардағы өткізу бекеттерінің тым тарлығы барыс-келіске айтарлықтай кедергі келтіріп отыр екен. Бұл жайтқа бүгін Путиннің өзі таң қалды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
-Казалось бы, у нас границы-то нет. Нет, она существует, и ограничения там существуют, в том числе и инфраструктурные.Вот, Нурсултан Абишевич знает, мы говорили, когда в узком составе встречались. Со стороны Казахстана построили дорогу, с нашей стороны, к сожалению, пока нет.
Яғни, Мәскеу «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ауқымды көлік дәлізі үстінен өтсе де, әлі бір шақырым жол салмаған. Жалпы, тас-талқаны шыққан жолдар, шекарадағы бюрократия, тауар, жұмыс күші мен капиталдың жылдам жетуіне кесірін тигізуде. Сондықтан бір-бірімен шектесетін облыстар тозығы жеткен инфраструктураны дереу қалыпқа келтіруі тиіс. Бұл жерде Ресей тарапынан кеткен кемшіліктер барын Путиннің мойындауы сол екен, есесіне Назарбаев Қазақстанда бизнес ашу Ресейден оңайырақ деп мақтанды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-По показателю налогообложения в рейтинге Всемирного банка Doing Business Казахстан занимает 18-е место среди 189 стран мира. Ну, скажу, что Россия занимает 47-е место. Хоть в чём-то мы же должны...
Сауда-саттықтың азаюына қарамастан, аймақаралық форумда бүгін екі ел кәсіпкерлері 30 миллиард доллардың келісім шартына қол қойды. Сонымен қатар Назарбаев Ресей бизнесмендеріне жекешелендіру науқанына қатысып, Қазақстанның кәсіпорын, зауыт пен ғимараттарын сатып алуға кеңес берді. Ал Сирияға байланысты Америкамен жағдайы шиеленіскен Путиннің іссапары бар-жоғы бірнеше сағатқа созылып, кері ұшып кетті. Ресей басшысы бұл тақырып жайлы Назарбаевпен де кеңескені анық. Бірақ бұл туралы бүгін ешқандай мәлімделер жасалған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!