Павлодарда шұңқырға түсіп кеткен әйел мен баланы құтқарған офицер наградаға ұсынылды
Павлодарда шұңқырға түсіп кеткен әйел мен баланы аман алып шыққан әскери «Ерлігі үшін» медалімен марапатталуы мүмкін. Осындай ұсыныс айтып, Ішкі істер министріне хат жолдаған 66-79 әскери бөлімінің басшылығы бүгін Әнуар Каюмовқа алғыс хат табыстады. Естеріңізге салсақ, осыдан екі күн бұрын шаһардың орталық көшелеренің бірінде асфальт опырылып, немересін жетектегін әйел жер астына түсіп кеткен болатын. Екі адам мертіге жаздаған бұл жағдайға әзірге кімдердің жауап беретіні белгісіз.
Автор: Әйгерім Шакаманова
05.10.2016
Әнуар Каюмов – немереcін жетектеген әйелдің жер астына түсіп кеткенін алғаш боп аңғарғандардың бірі. Бағдаршамның қызыл түсіне кеп тоқтаған прапорщик арнайы жолақпен өтіп бара жатқан екеудің бір сәтте ғайып болғанын байқапты.
Әнуар Каюмов, 6679 әскери бөлімінің қарауыл бастығы:
–Лермонтов көшесімен келе жатып, әйел мен баланың кенет төменге құлағанын көрдім. Әйелдің сөмкесі сол жерде қалды да, екеуі асфальттың астына түсіп кетті. Дереу көлікті тастап оқиға орнына жүгірдім. Шұңқырда су ағып жатты. Көліктегі арқанды алып, төмен тастадым. Балақай арқанға жармаса кетті. Одан кейін маңайдағы адамдар да көмекке келді.
Әскеридің сөзі боямасыз екенін құтқарылған әйел де растап отыр. Галина Корнилова шұңқырдағы батпақ сорып әкете жаздағанын айтады.
Галина Корнилова, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Әскери киімде болғаны есімде. Арқанмен тез арада алып шықты. Шұңқырдағы саз-балшыққа батып кете жаздадық. Немеремнің соңынан мені де суырып алды.
Ал 5 метр тереңдікке түсіп кеткен қыз бала жедел ауруханаға жеткізілген. Басы жарылып, миы шайқалған бүлдіршіннің бұғанасы да сыныпты. 4 жасар Ульянаның жағдайын сұрауға құтқарушысы арнайы келді.
- Хотелось бы чтобы побольше таких людей было. Для нас это очень важно, что доча жива, здорова!(әкесі)
- Спасибо! (бүлдіршін)
- Да не за что, выздоравливай!(әскери)
Тас жолдың ойылуына жер астындағы ескі кәріз құбырынан кеткен су себеп болуы мүмкін. Мұны енді арнайы құрылған комиссия нақтыламақ. Төтенше жайтқа кімдердің жауап беретіні де белгісіз. Ал қыз сауыққан күні ата-анасы іске өздері кірісуге бекініп отыр.
Екі адамды шұңқыр ішінен аман алып шыққан Әнуар Каюмов әзірге тек бөлімше атынан алғыс хатпен марапатталған. Ал қарауыл басшысының батылдығымен мақтанатынын айтқан әскерилер енді оны «Ерлігі үшін» медаліна ұсынуға ниетті. Олар ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай әріптестерінің әрекеті елеусіз қалмайтынына сенімді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!