Атыраудың орталықтарына аттракцион орнатқандарды әкімдік қуып жатыр
Атыраудың орталық алаңында аттракцион орнатқандарды әкімдік жылы орындарынан қуа бастады. Батуттар қаланың көркін бұзады деген шенеуніктер бұларды шеткі аудандарға көшірмек. Негізі бұл текетірес екі жылдан бері жалғасып келеді. Кәсіпкерлерге ескерту айтып ештеңе өндіре алмаған жергілікті билік енді іске кірісіп, аттракциондарды күшпен шығарып тастамақшы.
Автор: Жанар Низамутдинова
05.10.2016
Әдеттегідей алаңға асай-мүсейлерін алып жеткен кәсіпкерлер бүгін қарсылыққа тап болды. 2 жылдан бері әкімдікпен айқасып келген олардың да оңайшылықпен берілгісі жоқ. Шенеуніктер бұлардың байқауға қатысып, балаларды ойнататын жерді тендермен алуын талап етіп отыр. Бірақ қомақты қаржылары болмаған соң ешқайсы тендерге қатыспаған. Ал орталық алаңды тастап, қала билігі тегін ұсынған жерлерге барғысы жоқ.
Аман Сүлейменов, кәсіпкер:
-Осы проблеманың басталғанына 2 жыл болды. Осы жерге тұрайық десек, әкімдік рұқсат бермейді. Біздің жұмысымызды тоқтататындай қолдарыңызда қағаздарыңыз бар ма десек, оны да көрсетпейді. Тек келеді де, тиеп алып кетеміз деп қорқытады.
Атқамінерлердің айтуынша, Исатай мен Махамбет атындағы орталық алаңға аттракцион құрғандарға бірнеше рет ескерту берілген. Тіпті кәсіптерін заңдастырып бермек болыпты. Бірақ нәтижесіз. Шыдамымыз бітті деген кәсіпкерлік бөліміндегілер енді бұлардың заттарын арнайы орынға апарып, өртеп жібереміз деп отыр.
Рүстем Ыбыраев, Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
-Архитектура бар, жер бөлімі бар, біз бармыз, заңға қайшы келмесе кәсіпкерлердің жағындамыз,. Біздің айтып отырған сөзімізге көнбейді. Беріп отырған жерімізге барғылары келмейді. Бұл алаңға тұрғызбаймыз, өйткені – қаланың ортасы, кескін-келбетін бұзады.
Ақырында, әкімдіктегілер ашуға мініп келгенімен, бұл жолы да соңғы рет кешіретіндіктерін айтып, жөндеріне кетті. Бірақ кейде иесіз жататын ойын заттарын жинастырмаса, әкімдіктің қарамағына өтетінін ескертті. Ал екінші тарап оларға пысқырып та отырған жоқ. Бас прокуратураға жолдаған хаттарына жауап келмейінше, істерін жалғастыра бермекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!