Алматы облысында әлемге әйгілі тарихи қалашық қиратылып орнына жол төселіп жатыр
Талауға түскен тарихи жәдігер! Алматы облысындағы көне Талхиз қалашығы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімінен алынғалы жатыр. Өйткені, көптеген қарсылықтарға қарамастан, күллі әлем тарихының құнды мұрасына жататын ескі шаһардың үстімен ақыры күре жол салынуда. Құрылысшылар жерді қазып, орнын тегістеп те тастаған. Қазақстан билігі керек қылмаған тарихи жәдігер – Талхиздың енді ЮНЕСКО-ға да қажет емес екені айтпаса да түсінікті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
05.10.2016
Ерте заманнан қалған теңдесіз жәдігердің мүшкіл халі осы. Тіпті, бүгінде адам танымастай өзгерген. Ашық аспан астындағы ескерткіш аумағында қазір техниканың түр-түрі мен құрылысшылар толып жүр.
- 11 ғасырлық тарихы бар көне қала – Талхиздің аумағындағы жолдың құрылысы қазір қызу жүріп жатыр. Мұнда бұған дейін тұрғызылған көпірдің деңгейінде жол салу үшін құрылысшылар шаһардың мына аумағын 5 метрге дейін қазып тастаған. Енді олар жерді тегістеп, үстіне асфальт төсемек. Жұмысшылардың қарқынына қарағанда, бұл да жақын арада жүзеге асатын сыңайлы.
Сөйтіп, ежелгі қаланың тас-талқаны шықпақ. Ал, күре жол универсиада үшін салынып жатыр. Яғни, ол Алматы мен «Ақбұлақ» спорт кешенін жалғамақ. Бұған дейін, қалашықтың осы бөлігін жекенің меншігіндегі «Қазархеология» мекемесі зерттепті. Сөйтіп, аумақтың еш құндылығы жоқ деген шешім шығарған. Бірақ ЮНЕСКО өкілдері мұнда бірнеше рет келіп, Талхизге құрылыс жүргізуге қатаң тыйым салған екен.
Арнабай Нұржанов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Биылдың өзінде ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2 рет комиссия келіп, олар бұл қаланың айналасында еш уақытта жол салуға, болмаса басқа да құрылыс салуға болмайды деген шешім қабылдап кеткен.
Бірақ бұған құлақ асып жатқан тірі жан жоқ. Сондықтан, енді бүкіләлемдік ұйым өкілдері қайта келіп, шаһардың қазіргі жағдайын бағаламақ. Тіпті қалашықты мәдени мұралар тізімінен шығарып тастауы мүмкін. Ал ондай жағдайда Тянь-Шань дәлізіне жататын өзге ескерткіштер де әлем тарихының құнды мұралары қатарынан алынады.
Арнабай Нұржанов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Тізімнен шығарғаннан кейін, бұл қала емес, біздің барлық қалалар кетеді. Қазір Қазақстанда 6 қала бар. 6 қаланың алтауы да кетіп қалуы мүмкін.
Ал қалашық қарайтын Талғар ауданы әкімдігіндегілер жәдігердің құндылығын сол күй түсінбеген сыңайлы. Жауапкершіліктің барлығын жоғары жаққа ысырып, жайбарақат отыр.
Дәрменияр Қыдырбекұлы, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
- Ол кісілердің қолдарында заңды қағаздары бар. Сол себепті жолды жалғастырып жатыр. Біз Алматы облысына қараймыз. Біздің жоғарыдағы сол орган. Біз солардың қандай шешім қабылдайтынын күтіп отырмыз.
Маңайды түгел аударып-төңкеріп жатқан жол құрылысы осылай қарқынды жүре берсе Талхиз ЮНЕСКО түгілі, Қазақстанның тарихшыларына да қажеті болмай қалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!