{metadescription}
 Жамбыл облысында Талас өзені тасып бүтін бір ауылды су шайып кетті
 Жамбыл облысында Талас өзені тасып бүтін бір ауылды су шайып кетті

Жамбыл облысында Талас өзені тасып бүтін бір ауылды су шайып кетті

Жамбылда асау өзен тағы да елдің есін алды. Жағасын жырған Таластың суы Байзақ ауданындағы бүтін бір ауылды шайып кеткен. Топан суда қалған жұрт екі кеште үдере көшуге мәжбүр болды. Қазір аудан көлемінде төтенше жағдай жарияланған.

-Осыдан бір апта бұрын тасып жатқан, сол кезден бастап қарау керек еді.

Таластың суы өзен жағалай орын тепкен елдің сілікпесін шығарды. Жуырда ғана Сарыкемер ауылының жұрты топан суда қалса, енді Қостөбеліктер солардың күйін кешіп отыр. Бірақ бұл жолы бұзылған бөгеттен келген апаттың ауқымы алдыңғыдан асып түсті. Гүрілдеп аққан қызыл су көше, ауланы түгел шайған.  

Гүлсая Сыпатаева, Қостөбе ауылының тұрғыны:

- Бұл бір жыл емес, қыста да, көктемде де осылай. Бала-шағаны сабаққа апара алмаймыз. Үйдің ішіне кіріп көріңіздер, тізеден асады.

Тұрғындардың айтуынша, қора-қопсы, баспана, бау-бақша – бәрі бүлінген. Алайда суда қалған үйлерді жекелей аралап шығу мүмкін болмады. Өйткені толарсақтан келетін су кедергі. Ал жұрт есек арбаны қатынас құралы ретінде қолдануда. Тіпті оған жүктерін тиеп, түн ішінде үдере көшті.    

Ғани Еркебаев, Қостөбе ауылының тұрғыны:

-Осымен төртінші рет айтып жатырмыз  әкімшілікке. Ешқандай хабар жоқ.

Мына жылыжайдағы өнімдерді қызыл су шайып кеткен. Қызанақ, қияр, бұрыш көлкіген су бетінде қалқып жүр. Қазір кәсіпкерге келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Ал аудан басшысы болған жағдайға айырқалпақты ағайынды айыптауда. Айтуынша, биыл қырғыздар Киров су қоймасынан жылдағыдан көп, яғни секундына 100 текше метрден жіберген. Сол су арнаға сыймай, жағалауды опыруда. Дегенмен төнген қауіп сейілді деп сендіреді. 

Мұратхан Шүкеев, Байзақ ауданының әкімі:

-Қазір ғана облыс әкімінде штаб отырысы болды. Шұғыл шаруалар қолданылады. Жағалауларды жөндеп, қалыпты жағдайға келтіреміз. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарына ешқандай қауіп жоқ.

Қазір аудан көлемінде төтенше жағдай жарияланған. Ахуалдың күрделі болуынан ба, облыс әкімінің өзі су шайған ауылға арнайы барып, елмен тілдесіпті. Сондай-ақ, бүгін суға жауапты мамандар тау асып, өзен деңгейін төмендету жөнінде Қырғызстанға келіссөзге кетті.    

Дәл осы тұста су арнаны шайып, сай-саланы қуған бойда елді мекенге бір-ақ жеткен. Қазір мамандар бұзылған бөгеттің орнына кешелі бері тас төсеп жанталасуда. Алайда опырылған 300 метр жағалауды қалпына келтіру оңай емес. Шенеуніктер оған кемі үш күн қажеттігін мойындап отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.