Елімізде міндетті медициналық сақтандырудың мерзімі тағы шегерілді
Енді зейнетақы қорынан бөлек, денсаулықты сақтандыруға да әр адамның жалақысынан ақша ұсталады! Міндетті медициналық сақтандыру қорын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі басқаратын болды. Еңбекақысынан кемі 2 пайызын жырып беретін миллиондаған адамның теңгесіне Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері де тікелей жауапты. Ал жаңа сақтандыру жүйесі тағы жарты жылға шегеріліп отыр. Яғни, жұмыс берушілер мен жұмысшылар 2018 жылдан бастап сақтандыру қорына ай сайын ақша аударуға заңмен міндеттілмекші.
Автор: Жәудір Оразхан
07.10.2016
Депутаттар міндетті медициналық қор құруға былтыр келісім беріп, Денсаулық сақтау министрлігі арнайы заңды бекітіп алған болатын. Бірақ, Тамара Дүйсенова жаңа жүйені қайта-қайта кейінге қалдырып отыр. Министр бүгін құжатқа өзгеріс енгізіп, мәжілісмендердің алдына тағы келді.
-Сонымен, Міндетті медициналық сақтандыру қорына қызметкерлер мен жұмыс берушілер 2017 жылдың шілде айынан, ал мемлекет 2018 жылдың қаңтарынан бастап ай сайын ақша аударатын болды.
Сәйкесінше, науқастарға Міндетті медициналық қор есебінен қаржы да жарты жылға кеш бөлінеді деген сөз. Жұмыс істейтіндердің өзі бастапқыда табысының 2 пайызын, мемлекет 4 пайыз ақша аударып отыруы тиіс. Ал жаңа қорды Денсаулық сақтау министрлігі басқармақ. Оған түскен миллиондаған теңгенің тиімді жұмсалуына Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері де жауапты болады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
-Біз қордағы ақшаны алып, жеке сақтандыру компаниялары сияқты құнды қағаз сатып алып, пайда табайын деп жатқан жоқпыз. Түскен қаржы бір орында тұрмайды, күн сайын адамдардың ем-домына жұмсалады.
Аурухана мен емханаларға бұрынғыдай әкімдік пен республикалық бюджеттен емес, тек міндетті медициналық қордан ғана қаржы бөлінбек. Бірақ, бұдан бюджеттің медицина саласына жұмсайтын шығыны бір тиынға да қысқармайды екен. Өйткені, қорға ақша аударудан кейбір тұрғындар босатылып отыр. Зейнеткерлер, мүгедектер мен балаларға, тіпті жұмыссыз жүргендер сынды 10 миллионнан астам адамға қаржы мемлекеттен бөлінеді.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
-Егерде жұмыссыз болып тіркелген азаматтар болса, мемлекет төлейді. Себебі ол азаматқа қажетті жұмыс орнын тауып бере алмағанымыз үшін. Ал егерде өзін-өзі қамтамасыз ететін азамат болса, ол кісіге екі мүмкіндік бар. Бірінші, кішігірім бизнесі болса, салық органдарына тіркеліп, табысының белгілі бір пайызын аударып отыруы қажет.
Депутаттар дәл осы өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер мен шағын кәсіпкерлер тапқан табысын тіркейді дегенге сенбей отыр.
Мұхтар Тінекеев, Мәжіліс депутаты:
-Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер 2 жарым миллионнан астам адам жайында ақпарат бар ма? Олар шынымен де зейнетақы қорына ай сайын табысының 10 пайызын аударып жүр ме? Күмәнді. Ал жаңа жүйе медициналық қызметкерлердің жалақысына қалай әсер етеді?
Тамара Дүйсенова сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысы көтеріледі деп отыр. 2024 жылға дейін ең алдымен ауылдағы ақ халаттылардың айлығын артпақ. Министрлік дәрігерлердің жауапкершілігіне қатысты да арнайы заң жобасын әзірлемекші екен. Яғни, қате диагноз қойып, дұрыс емдеуге шамасы жетпейтін сауатсыздардан қорғаудың жаңа жүйесі пайда болуы мүмкін.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі мектептегі медицинаны да сақтандыру қорының қарамағына ауыстырмақшы. Білім ордаларындағы дәрігерлер мен медбикелер жаппай қайта емтихан тапсырып, сертификат алады және тікелей емханаларға бағынатын болады. Оқушылар мектептегі пункте медициналық тексеруден өтеді. Ересектерге келсек,олар емделетін орынды өзі таңдайды. Қордағы қаржы науқас таңдаған аурухана мен емханаға аударылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!