«Болашақпен» Америкаға оқуға барып жоғалып кеткен студентті Қазақстан іздеуге енді кірісті
Бес жыл бұрын жоғалған студентті енді іздеп жатыр! «Болашақпен» АҚШ-қа барып, кейін із-түссіз кеткен отандасымызды құзырлы органдар дереу іздеуге кірісті. Ал бұған дейін құжаттарының көшірмесі болмады деген желеумен еліміздің Сыртқы істер министрлігі істі орта жолда тоқтатып тастаған екен. Тек күні-кеше ғана әкесінің қайтара жазған өтінішінен соң, шетелдегі Қазақстанның өкілдері өскемендік жігітті табуға тырысуда.
Автор: Аруна Ортай
07.10.2016
АҚШ-та іс-түссіз кеткен студентті іздеу негізі жыл басында басталған екен. Тек онда да жер-жерді тіміскілеп емес, жақындарынан сұрастырып қана. Дипломаттар, штаттардағы қазақ диаспорасынан Ержанның бар-жоғын сұрапты. Бірақ, бірге оқитын курстастары да, «Болашақтың» сол елдегі бақылаушылары да бейхабар боп шыққан. Ал полицияға беруге баланың паспорты болмай, сөйтіп іздеу жұмыстары аяқсыз қалыпты.
Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ Баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Әкесінің өтініші бойынша біз баланы іздедік. Консул өкілдері сол жақтағы студенттерден де сұрақ-жауап алып, оның қай жерде жүргенін таппақ болды. Бірақ, құжаттарының көшірмесі қолға тимеген соң, тексеруді тоқтатқан едік.
«Құжат таппадық» деген желеуді құзырлы орындар енді ойлап табуы да мүмкін. Әйтпесе, шетел асқан студенттің паспорты еш жерде сақталмапты дегенге сену қиын. Десе де, енді іздеу қайта басталды. Оның өзі студенттің іс-түссіз жоғалуы қоғамда үлкен талқыға түскен соң ғана болып отыр. Министрлік студенттің бар құжатын «Болашақтан» алдырып, АҚШ-тағы консулдыққа енді жіберіп отыр. 28 жастағы Ержан Еліковты табуға, тіпті, ішкі істер департаменті де қызу кірісіп кеткен.
Қалтай Қалиақбаров, адвокат:
-Жоғалып кету фактісі бойынша арнайы тергеу, тексеру әрекеттерін Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаменті жүргізіп жатыр.
Ұлының іздестіріліп жатқанын естіп, ата-анаға да қан жүгірген. Тек «Болашақтың» баласына жүрдім-бардым қарағанына қапалы. Өйткені, баласын бір кездері бағалап, шетел асырғандар, енді оны білімсіз деп атаған.
Серік Еліков, Ержанның әкесі:
-Бізге бір рет хат жазып, балаларыңыз оқымай жатыр, бірінші курстан кейін айтқанда ғой шіркін. Нашар оқыса қайтарып жіберу керек еді. Өзіміздің Қазақстанның университетінде бітіруші еді ол.
Бірақ, қызығы сол, «Болашақ» үлгерімі нашар болды деген студент төрт жыл бойы стипендия алып жүрген. Тек жоғалған жылы оқудан шығарылып отыр. Оның өзінде сабаққа келмегені үшін. Әзірге сотқа дейінгі тергеу шаралары басталып кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!