Ақтөбеде террористермен атыс болған үйдің тұрғындары шенеуніктерден көмек сұрады
Ақтөбеде лаңкестермен атыс болған үйдің тұрғындары тағы үрейленіп отыр. Содырлардан емес, баспаналарының қабырғасы сөгіле бастағанына алаңдаулы. Әсіресе жоғары қабатағы балкондар бір жағына қарай қисайып барады. Тексеруге келген төтенше жағдай бөліміндегілер де мұны көріп шошып кетті. Әйтсе де, сараптама жүргізбей еш шара қолдана алмайды екен.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.10.2016
Бұл үйдің мекен-жайын жергілікті жұрт жаттап алған. Өйткені маусымда содырлар алдымен осы үйдің бірінші қабатындағы қару сататын дүкенге шабуыл жасаған еді. Тұрғындар ол кездегі үрейден әрең арылғанда, енді басқа жағдайдан мазалары кетіп отыр. Өйткені үйдің қабырғалдары сетінеп, балкондары құлағалы тұр.
Нұрлыбек Ізбасаров, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Жарығы ұлғайып бара жатыр ай сайын. Мынау лоджыға балалар шығудан қалды. Құлап кететін сияқты.
Тұрғындар алғашқыда қабырғадағы жарыққа мән бермеген. Кейін сыңылаудың үлкейіп, үй ішінен сырты көрінгенде дабыл қақты. Тексеруге келген төтенше жағдай бөліміндегілер жоғары қабаттағы балкондардың қисайғанын көріп, шошығандарын айтады. Енді бұл үйге сараптама жүргізілуі керек. Ол үшін ақшаны тұрғындардың өздері шығарады екен.
Бекболат Нұрашов, Ақтөбе қалалық ТЖБ басшысы:
-Енді тезірек жүргізу керек. Жаңағы қорытындыны алу керек болады. Қазір соған келіп тіреліп тұрмыз. 2-3 күн арасында осы жұмысты бітіріп берсе әрмен қарай КСК-мен жұмыс істейміз. Жұртты тартамыз.
Әкімдіктегілер тек апаттың қалай алдын алу керектігін көрсетіп береміз деп отыр. Сол қорытынды бойынша жұмыс жүргізіледі. Бірақ әзірге тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы сөз жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!