Павлодар облысында бүтін бір ауылдың ауыр металы бар улы су ішіп келгені анықталды
Қазір Ақтоғай ауылындағы құдықтан су алуға шектеу қойылып, тіршілік нәрі облыс орталығынан тасымалданып жатыр. Ал бұл сұмдықты анықтаған жергілікті мамандар сынамаларды Шығыс Қазақстандағы арнайы зертханаға жолдапты. Оның қорытындысы шықпай, ауылдағы тіршілік нәрін адам түгілі, малға беруге тыйым салынған.
12.10.2016
Ақтоғай ауылының жұрты ауыз судан ешқашан таршылық көрмеген. Әр көшеге су тартылғалы тіптен рахат күн кешіпті. Енді оның құрамында ауыр металдар болуы мүмкін дегенді естіп, жағаларын ұстап отыр.
Ырысты Машықова, Ақтоғай ауылының тұрғыны:
-Қорықтық ойбай. Алып іше береміз ғой мына әкелген суды. Енді қорықтық, кім біледі, қандай жағдай болады.
Үш жарым мыңдай жаны бар Ақтоғай ауылын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз ұңғыма осыдан 6 жыл бұрын салынған. 600 метр тереңдіктен су шығаратын қондырғы содан бері үздіксіз жұмыс істепті. Ал бүгінге дейін құдықтан су тасыған ауылдықтардың енді бұл маңға жолауына шектеу қойылған.
-Су құрамында ауыр металдар болуы мүмкін дегенді естіген ауылдықтар біраз шошынып қалғандарын айтады. Жұртты сабырға шақырған атқамінерлер қазір тіршілік нəрін су тасушы көлікпен тегін таратуда. Ал бұған дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрған құдық суын əзірге пайдалануға тыйым салынған.
Мектеп пен балабақшалар да орталық жүйеден ажыратылғанымен жұмысы тоқтамады. Оларға да су тасымалданады. Ал ауыз су беру тоқтатыла салысымен ауыл дүкендеріндегі құтылардағы су бағасы да қымбаттаған. Жергілікті басшылардың айтуынша, ақтоғайлықтар құдық суын тағы біразға дейін пайдалана алмайды.
Саяуыш Сәдуақасов, Ақтоғай ауданы әкімінің көмекшісі:
-Соңғы сынамада ауыр металдар кездесті. Сондықтан осындай шешімге келдік. Сусыз отырған ешкім жоқ. Барлығына су кезекпен жеткізілуде. Ыстық желі де жұмыс істейді. Телефон орнатылған.
Облыс орталығында жасалған санитарлық сараптама су құрамында қорғасынның шекті мөлшерден асып кеткенін анықтаған. Бұған көз жеткізу үшін сынамалар енді Шығыс Қазақстандағы арнайы зертханаға жіберіліпті. Ал өндіріс орындары жоқ ауданда ауыр металдың құдыққа қалай түскені жұмбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!