Еліміздің бірнеше облыстары жылыту маусымына дайын болмай шықты
Мәселен Қарағандыда бүтін бір шағын қала тұрғындары мұздай пәтерлерде бүрсең қағып отыр. Ал Шымкентте бүгін -ертең жылуды қосуы тиіс шенділер ескі құбырларды енді алмасыруға кірісіпті.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
14.10.2016
Алматыда бірқатар нысандарға жылу берілгенімен, қаланың қақ ортасындағы мына бірнеше көпқабатты үй тұрғындарының әлі біраз уақыт бүрсеңдейтін түрі бар. Жазда осы маңда жол жөндеген құрылысшылар жер асты коммуникацияларын зақымдаған екен. Шымкентте де ұқсаса жағдай. Онда шенеуніктер үйлерге жылу бермек түгілі, жаңа құбырларды енді тартып жатыр. Жаз бойы бейқам жатқан атқамінерлер күз таянғанда ғана олардың ескіргенін еске түсірген сияқты. Ауа температурасы күрт суытып кеткен соң мектеп, емхана сынды 200-ден астам нысанды жылуға қосыпты. Ал тұрғындар бір аптадай шыдай тұрмақ.
Айсұлу Күзембаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Ертең қосып үлгермейді. Біз қырылып қаламыз. Жаз бойы жатты. Енді кірісіп жатыр, екі-ақ күн болды кіріскеніне.
Ал Қарағанды іргесіндегі Ақтау кентінде 16 көпқабатты үйге биылдыққа жылу мүлде берілмеген. Арқада күн райы күрт суыса да , коммуналшылар жылыту маусымын бастауға асықпай отыр. Тіпті құбырларды жуып-шайып, су да құймаған. Осыған орай кентте жылыту маусымын ресми түрде 15 күнге шегерген шенділер бұл жайында халыққа ескертуді ұмытып кеткен сыңайлы.
Нұрлан Садықов, Ақтас қаласы әкімінің орынбасары :
-Қазандық жаңа жылыту маусымына толығымен дайын. Егер жүйедегі жұмыстар аяқталса, жылу береміз. Ресми жылыту маусымы туралы әкімнің шешімін күту керек. Оған дейін барлық жұмыстарды бітіруге тиіспіз.
Синоптиктердің болжамы шаруалары былжыраған шенділерге қарасып тұрғандай. Айдың ортасында орталық Азиядан келетін жылы ауа ағыны біраз облыстарды 20 градусқа дейін қыздыратын көрінеді. Мұның есесін табиғат айдың соңында алмақшы. Солтүстікте ауа температурасы -12 градусқа дейін төмендесе, оңтүстік өңірлерде – 8 градусқа дейін күн суиды деп күтілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!