Алматыда автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қалып мыңдаған жолаушы далада қалды
Алматыда бүгін таңертең автобустар тоқтап, мыңдаған жолаушы барар жеріне кешікті. Өйткені, екінші күн қатарынан «Грин Бас» компаниясының жүргізушілері наразылық танытып, жұмысқа шықпай жатыр. 70-ке тарта жүргізуші жалақының аздығына қапалы. Автопарк басшылығы олармен тіпті ортақ мәмілеге келе алмай, ақыры жағдайға полиция өкілдері араласты.
Автор: Ербол Тұрымбет
14.10.2016
Таң атпай автопарктің алдында топырлап тұрғандардың бәрі осындағы автобустың жүргізушілері. Бүгін олар күздің алғашқы суығына қарамастан негізгі жұмыстарын ысырып қойып, жалақы мәселесін басшылықпен бетпе-бет шешіп алайын деп сыртта тұр.
-15 күнге 130 мың алып жатырсыңдар.
-Қандай 130 мың?
-Біреуінің айыппұлы екіншісінің алименті бар. Ондай ақша алып көргеніміз жоқ.
Жүргізушілерді ашындырғаны жалақының аздығы. Күн-түн ұйқы көрмей жұмыс істейтін олар ақшаның түкке жетпейтінін айтып отыр. Оған қоса, әр автобустан күнделікті алынатын жоспарлы түсімнің де көлемі артып кеткеніне ренжулі.
Мақсат Жауғаш, автобус жүргізушісі:
-50- 40 мың беретіні. Ал жоспары күнделікті жоғары. 17 сағат жұмыс істейміз. Сағат 4-те шығып түнгі бірде келіп 3-4 сағат ұйықтаймыз. Ал сағатына төлейді дейді, сағатына төлесе ондай ақша шықпаушы еді. Соны түсінбей жатыр.
«Green Bus» компаниясына қарайтын №3 жөндеу орталығында да : тура осындай жағдай. Мәселе – сол жалақының аздығы мен жоспарлы түсім мөлшерінің керісінше көптігі. Мұндағы жүргізушілер де автобустарын қаңтарып қойған. Жиналғандардың оңайлықпен тарамайтынын білген соң компания басшылары полиция шақырды. Дүрліккен жүргізушілердің мәселесі енді шешілмейтін сияқты. Өйткені компания басшысының айтуынша, олардың сөзі шындыққа жанаспайды. Тек бұрын қолма-қол төлем кезінде 15-20 мың теңгені қалталарына басып үйренген олар қазіргі қатал тәртіпке үйрене алмай жатыр дейді.
Бауыржан Құлышев, «Green Bus» ЖШС директоры:
-Олар бұрынғы валидатордан ақшаны ұрлап, жолаушылардан алған жолақыны қалталарына басып жүрген кезін аңсайды. Қазір жолаушылар ағыны бұрынғыға қарағанда 15 пайызға кем. Бұл адамның аздығынан емес, жүргізушілер олардың ақшасын қалталарына салып алады. Жыл басынан бері осындай тәртіпке бағынбаған немесе жол ережесін бұзған 264 жүргізуші жұмыстан босаттық.
Таңертең сағаттап кешіккенімен, қалалық автобустар қайтадан қалыпты жұмыс тәртібіне көшкен. Ал компания наразылық танытқан 70-ке жуық жүргізушінің кейбіріне кешірім жасап, кейбірін жұмыстан шығарып, орнына басқа адам алмақшы. Сондай-ақ, оларды рұқсат етілмеген наразылық шарасын өткізгені және жұмыс тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тарттыруды көздеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!