Семейде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің төбесінен су тамшылап кетті
Семейде мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты үйдің төбесінен жаңбыр суы шелектеп ағып жатыр. Баспана небәрі 2 жыл бұрын қолданысқа берілген екен. Енді ылғалдан ішкі сылағы құрдымға кеткені өз алдына, сыз тартқан кірпіштеріне дейін үгітіліп кеткен. Жұрт бұл сорақылықты көзбен көрсе де міз бақпай отырған жергілікті билікке наразы.
Автор: Ұлан Нұрахмет
17.10.2016
-2014 жылы қолданысқа берілген бұл 9 қабатты баспананың сырты жылтыр болғанымен, құрылысы шикі. Кезінде 72 пәтерге ие болған жұрт енді көзбояушылықтың салдарынан жандарын шүберекке түйіп отыр. Өйткені, оның төбесінен су тамшылып қабырғасы қаусап жатыр.
Жаңа баспананың қызығынан шыжығы көп. Олар құрылыс жүргізген мердігердің кірпіш пен цементті үнемдегеніне ашулы. Енді соның кесірінен көпке ұзамай үйдің іргетасы үгіле бастаған. Бұл аз десеңіз, кірпіш жетпеген жерлерді де пенопластпен бітеп, сыртын сылап тастапты. Ал шатыр мен жертөледегі сорақылықты көрген жұрттың ашу-ызасында шек жоқ .
Бейсенбай Сарбиев, Семей қаласының тұрғыны:
- Су толып кеткен. Тарақандар қаптап жүр. Кіргендер қарап «жоқ» дейді. Олар қараңғыға тығылып қалады. 1-ші қабатта мүгедектер тұрады. Олар естерін де білмейді ғой. Мұрнына, құлағына кірсе қайтеді.
Жоғарғы қабаттағы пәтерлердің іші сүреңсіз күйде. Жұрт төбеде сорғалап аққан суды тоқтату үшін целлофан да төсеген. Алайда күзгі жаңбырға ол тосқауыл болмады. Ал шенеуніктерге көмек сұрап барғанымен, ақырында өздері сөз естіп қайтқан.
Жетпісбай Қасымжанов, Семей қаласының тұрғыны:
-Осы мазаны алмаңыздар деп аяғы жеккөрінішті болдық. Енді кімге айтарымызды білмейміз. Жаңбыр жауса бізден маза қашады.
Жергілікті шенділердің де қулықтарына құрық бойламайтын сыңайлы. Олар құрылысы сын көтермейтін пәтердің 44-ін жұртқа жекешелендіріп берген. Жауапкершілік арқаламас үшін қалғандарын да жылдың аяғына дейін басы байлы рәсімдеп бермек.
Әлия Төкішева, Семей қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:
-Енді ол жекешелендірілгеннен кейін адамдар басқару органын құру керек. Соның қарамағына осы мәселе кіреді. Бірінші, шатырды жөңдеу, екінші мәселе подъезді жөндеу деген сияқты.
Сондай-ақ мердігер компания тарапынан берілген кепілдік уақыты да таусылған. Айналып келгенде енді тұрғындардың кооператив құрып, қалталарынан қаражат шығаруға тура келіп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!