Алматыда террорист Күлікбаевтың алғашқы соты төбелеске ұласып кете жаздады
Ал Алматыда атышулы Руслан Күлікбаев сот алдында жауап беріп жатыр. Жазда қырғын салып, 8 бірдей тәртіп сақшысы, бір шекарашы мен зейнеткерді жер жастандырған лаңкестің алғашқы соты әдеттегідей сот залында емес, тергеу қапасының арнайы залында өтті. Тергеу барысындағы тентектігінен сескенген прокурорлар оны түрме аумағынан шығармауды ұйғарған екен.
Автор: Ербол Тұрымбет
17.10.2016
Атышулы Күлікбаевқа қатысты алғашы сотқа марқұм полицейлердің туыстары көп жиналды. Сондай-ақ, оның қылмыс жасауына қатысы бар деген тағы 5 күдікті де айыпталушы орындығында отыр. Ал басты айыпталушының өзі бәрінен оңаша торға қамалған.
-Қаттырақ айтсын, естілмей жатыр.
-Жақындасаңызшы.
-Өлтіргенді білесің, қаттырақ айт.
Күлікбаев темір тордың ішінде тұрса да ештеңеден тіксінбей, судьяның сұрақтарына селқос жауап беріп тұр. Кей сәттерде орнынан тұрған да жоқ. Тіпті, тергеу кезінде де отырған орындығын тергеушіге лақтырып тентектік жасағаны белгілі болды. Оның бұл қылығы марқұмдардың әзер шыдап отырған туыстарының одан сайын ашуын келтірді.
Бақытгүл Жексенбиева, марқұм Ж. Келдібаевтың анасы:
-Ұлым 23-те. Екі жарым жыл жұмыс істеді, еңбек етті. Қызығын көрем деп едім, қызығын да көрген жоқпын баламның.
Айгүл Танақұлова, марқұм М. Рахматуллаевтың анасы:
-Менің баламның жұмысқа келгеніне бір жарым ай болған. Оқуын бітіріп, 4 жыл оқып. Жұмысының жемісін де көре алмай кетті ғой осындай қанішерлер үшін. Өлім жазасы. Тек қана өлім жазасы. Халықтың ортасына шығарып атсын, тас-топалаң қылып.
Алғашқы сот отырысы ұзаққа созылған жоқ. Тек күдіктілердің алғысөзін тыңдаумен шектелді. Ал Күлікбаевтың жұбайы тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Ашынған ата-аналар оның да жер-жебіріне жетіп жатыр.
-Қай бетімен келіп отырғанын білмеймін. Мен болсам келмейтін едім, мұндай байдың да керегі жоқ деп.
Руслан Күлікбаев 18-ші шілде күні Алматының қақ ортасында ойран салып, оның қолынан 8 полицей мен 1 шекарашы, тағы бір зейнеткер қаза тапқан еді. Енді ол қару-жарақты тонаудан бастап адам өлтіру және лаңкестік шабуылға дейінгі 9 бап бойынша айыпталып жатыр. Ал негізгі сот процесі бір аптадан кейін басталатынын айта кетейік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!